Бүгiн 2026, 10:05 Фото: bethkobliner.com

Түркияда екінші бала туған отбасылардың несиесі толық кешіріледі

Ердоған жаңа әлеуметтік қолдау шараларын жариялады.

Түркияда екінші бала дүниеге келген жағдайда жас отбасылардың несиесі толық кешіріледі. Бұл туралы елдің көшбасшысы Режеп Тайип Ердоған үкіметтің кезекті отырысынан кейін мәлімдеді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл – жастарды қолдауға бағытталған кешенді саясаттың бір бөлігі. Қазірдің өзінде елде жас отбасыларға 200-250 мың түрік лирасы көлемінде жеңілдетілген несие беріліп келеді.

Бұған дейін қабылданған тетіктерге сәйкес, егер несие төлеу кезеңінде бірінші бала дүниеге келсе, төлемдер 12 айға шегеріліп, қалған қарызды өтеу тағы 12 айға кейінге қалдырылатын. Ал жаңа шешім бойынша, екінші бала туған жағдайда отбасының қалған несиесі толық есептен шығарылады.

Президент бұл бастама жас отбасыларды қолдаумен қатар, елдегі демографиялық өсімді ынталандыруға бағытталғанын атап өтті.

Сонымен қатар Режеп Тайип Ердоған Түркияның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне де тоқталды. Оның айтуынша, ел экономикасы жаһандық тұрақсыздыққа қарамастан өсім көрсетіп отыр.

Мәселен, 2026 жылдың сәуір айында Түркия экспорты 25,4 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 22,3%-ға артқан. Қаңтар–сәуір аралығында экспорт көлемі 88,63 млрд долларды құраған. Соңғы 12 айда бұл көрсеткіш 275,8 млрд долларға жетіп, тарихи рекорд жаңартылды.

Экспорт 166 ел мен өңірге жеткізіліп, 26 саланың барлығында өсім байқалған. Көш басында автокөлік өндірісі (3,9 млрд доллар), химия өнеркәсібі (3,1 млрд доллар), электроника (1,8 млрд доллар) және жеңіл өнеркәсіп (1,451 млрд доллар) тұр. Қорғаныс және авиағарыш саласының экспорты 962 млн долларға жетіп, алғашқы төрт айда 28%-ға өскен.

Тағы бір маңызды көрсеткіш – 1018 компания алғаш рет өнімін шетелге шығарған.

Туризм саласы да оң нәтиже көрсетіп отыр. 2026 жылдың бірінші тоқсанында туризм кірісі 9,896 млрд долларға жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 4,2%-ға артқан. Осы кезеңде елге келген туристер саны 9,219 млн адамға жеткен. Бір туристің орташа тәуліктік шығыны 119 долларға дейін өскен.

Елдегі еңбек нарығында да оң өзгерістер бар. Жұмыссыздық деңгейі 8,1%-ға дейін төмендеген. Жұмыспен қамтылғандар саны 32,4 млн адамға жеткен.

Сонымен бірге инфляция мәселесі өзекті күйінде қалып отыр. Сәуір айындағы инфляция 4,18% болған. Президент бұл бағыттағы күрес жалғасатынын айтты.

Режеп Тайип Ердоған сондай-ақ Түркияның халықаралық бағыттағы бастамаларына да тоқталды. Биыл елде бірқатар ірі шаралар өтеді: Ыстанбұлда УЕФА Еуропа лигасының финалы, Анкарада НАТО саммиті, Антальяда БҰҰ-ның климат конференциясы ұйымдастырылмақ.

Бұдан бөлек, президент Еуроодақпен қарым-қатынас мәселесіне де тоқталып, Түркияның бұл бағыттағы ұстанымы өзгермейтінін жеткізді. Оның айтуынша, әлем көпполярлы жүйеге көшіп жатқан кезеңде Түркия жаңа жаһандық тәртіптің маңызды орталықтарының біріне айналуға дайын.

Президент сөз соңында Құрбан айт мерекесіне байланысты қосымша демалыс берілетінін де хабарлады. Биыл 27-30 мамыр аралығында өтетін мерекеге орай мемлекеттік қызметкерлерге қосымша күндер қосылып, жалпы 9 күндік демалыс жарияланады.

Осылайша, Түркияда әлеуметтік қолдау шаралары кеңейтіліп, жас отбасыларға берілетін нақты жеңілдіктер демографияны арттыру мен халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталып отыр.