Бүгiн 2026, 14:52 Фото: ©BAQ.KZ/Арман Мухатов

Түркия вице-президенті: Қазақстанмен сауда 15 млрд долларға жетуі мүмкін

Қазақстан мен Түркия арасындағы сауда көлемі 15 млрд долларға жетуі мүмкін. Энергетика, инвестиция және жаңа жоспарлар жайлы вице-президент не деді?

Түркия Республикасының вице-президенті Джевдет Йылмаз Қазақстан-Түркия инвестициялық дөңгелек үстелінің аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берді, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Вице-президенттің айтуынша, энергетика екі ел арасындағы стратегиялық бағыттардың бірі саналады. Бұл салада ынтымақтастықты кеңейту көзделіп отыр.

Энергетика – өте маңызды бағыт. Бұл салада да ынтымақтастығымызды кеңейтуді көздеп отырмыз. Қазақстан мұнайын әлемдік нарыққа шығаруда Әзербайжан мен Түркияның рөлін арттыру мәселесі қарастырылуда. Сонымен қатар, Түркияның энергетикалық компанияларының Қазақстанда барлау мен өндіруден бастап әртүрлі деңгейде белсендірек жұмыс істеуі жоспарлануда, – дейді вице-президент.

Оның сөзінше, сауда-экономикалық байланыстар да қарқынды дамып келеді.

Сауда да аса маңызды. Өткен жылы тауар айналымы 10 миллиард долларға жуықтады. Мақсатымыз – оны 15 миллиард долларға жеткізу. Бұған өнім түрлерін көбейту және инвестицияларды арттыру арқылы қол жеткіземіз, – деді ол.

Йылмаз инвестициялық ынтымақтастықтың да жоғары деңгейде екенін атап өтті.

Түркиядан Қазақстанға 5 мыңнан астам компания инвестиция салған, жалпы көлемі 5-6 миллиард долларға жуық. Ал Қазақстаннан Түркияға 2 миллиард доллардан астам инвестиция бағытталған, мыңға жуық компания жұмыс істейді. Оның айтуынша, бұл көрсеткіштерді арттыру сауда көлемінің өсуіне де тікелей әсер етеді.

Сондай-ақ, алдағы дөңгелек үстел отырысында екіжақты инвестицияны ұлғайту мәселесі талқыланбақ.

Онда түрік инвесторларын Қазақстанға, ал қазақстандық инвесторларды Түркияға инвестиция салуға шақырамыз. Құрылыс саласында 30 миллиард доллардан астам жобалар жүзеге асырылған, бұл үрдіс жалғасады, – дейді вице-президент.

Мәдени-гуманитарлық байланыстар да назардан тыс қалмаған.

Мәдениет саласында Түркия мектептерінің санын арттыруды қалаймыз. Бұл бағытта да оң өзгерістер болуы мүмкін екенін байқадық. Сонымен қатар Қожа Ахмет Ясауи атындағы университетпен мақтанамыз. Қазір онда 100 мыңнан астам түлек бар, 12 мың студент білім алады – бұл жоғары деңгейдегі оқу орны. Денсаулық сақтау және мәдени ынтымақтастық мәселелерін де қарастырдық. Жалпы алғанда, өте кең ауқымды тақырыптарды талқыладық. Біз бұл қарым-қатынастарды әрі қарай да дамытуды көздейміз, – дейді ол.

Вице-президент алдағы уақытта жоғары деңгейдегі байланыстар жалғасатынын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Анталия дипломатиялық форумында қарсы аламыз деп жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ, Құрметті Президент Режеп Тайып Ердоған мамыр айында Қазақстанға келуді жоспарлап отыр. Сондықтан барлық деңгейдегі байланыстарды үздіксіз жалғастыруға ниеттіміз. Соңында, Үкіметаралық комиссияның 14-отырысы екі ел үшін де пайдалы нәтижелер әкелсін деп тілеймін, – деді ол.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Түркия энергетика саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруде. Бұл туралы Үкімет үйінде өткен комиссия отырысынан кейін Энергетика вице-министрі Санжар Жаркешев мәлім етті.