Түркия төрін дүбірлеткен палуандар

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 9-12 маусым аралығында Түркияның Ыстамбұл қаласында V Этноспорт мәдени фестивалі өтіп жатыр. 

Бұл фестивальге еліміздің ұлттық спортының бірнеше өкілі қатысып, шет елде ел байрағын көкке көтеріп жатыр.

Аталған іс-шарада аударыспақтан Әлем чемпионы, бірнеше дүркін Азия чемпиондары Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаров, теңге ілуден Азия чемпионы Ғалымжан Ізжанов пен Қазақстан чемпионатының жүлдегері Айдар Исраил өз өнерлерін көрермен назарына ұсынады.

Бүгінгі көрсетілімде еліміздің қос алыбы – Қосалиев пен Ізбасаров аударыспақтан (ат үстіндегі күрес) күш сынасып, түрік жұртын тәнті етті.

Үш күнге жалғасқан тамашада еліміздің спортшылары қазақ ұлтының, қазақ халқының нағыз көшпенділердің мұрагері екенін таныта білді.

Осы орайда Біржан Қосалиев пен Сырым Ізбасаровтың кімдер екеніне қысқаша тоқталып өтейік.

Біржан Қосалиев:

Елішілік чемпионатта 8 дүркін жеңімпаз, бірнеше мәрте жүлдегер атанды. І Ашық Азия чемпионатының аса ауыр және абсолютті салмақтағы чемпионы (2014). Қырғызстанда өткен ІІ дүниежүзілік көшпелілер ойындарында бас жүлдені иеленді (2016). Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының жеңімпазы (2016). Халықаралық турнирдің аса ауыр және абсолютті салмақтағы жеңімпазы (2017). "Ақбидай" ауыл спорты фестивалінің бірнеше дүркін жеңімпазы. 2011 жылдан Қазақстанның аударыспақ құрама командасында аса ауыр салмақтағы нөмірі бірінші спортшы. Біржанның үлкенді-кішілі фестиваль, турнирлерден иеленген басқа атақтары жетерлік.

Сырым Ізбасаров:

1989 жылы туған. Туған жері – Түркістан (Оңтүстік Қазақстан) облысы Төле би ауданы, Қаратөбе ауылы. Аударыспақ спортына 2008 жылдан бастап қатысқан. Аударыспақ жекпе-жегінде алған атақтары – ҚР чемпионатының 11 дүркін жеңімпазы. Ауыр салмақта үш дүркін Азия чемпионы атанған (2014, 2016 ж.ж). 2016 жылы Қытай елінде өткен ІІ Ашық Азия чемпионатының абсолютті салмақтағы жеңімпазы. 2017 жылы 90 келіде Халықаралық турнирдің бас жүлдесін иеленді. "Ақбидай" ауыл спорты ойындарының бірнеше дүркін жеңімпазы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы