Түркия тағы бір танымал интернет-ресурсты бұғаттауды ойластыруда
Түркияның Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар басқармасы есірткі, жезөкшелік, құмар ойындар және педофилия туралы бейнероликтердің еркін таратылатын Telegram арналарына алаңдаушылық білдірді.
Түркия танымал Telegram мессенджерін бұғаттау мүмкіндігін ойлап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ Lenta.ru сайтына сілтеме жасап.
Sabah газетінің хабарлауынша, есірткі, жезөкшелік, құмар ойындар мен педофилия туралы бейнероликтер Telegram арналары арқылы еркін таратылған.
Түркияның Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар басқармасы Telegram-дың Ұлыбританиядағы бас кеңсесіне осы арналарды жабу туралы мыңнан астам хабарлама жіберді, бірақ жауап болмады. Басылым бұл арналарға жақын арада шара қолданбаса, Telegram-ды бұғаттау күн тәртібіне қойылуы мүмкін екенін атап көрсетті.
Тұрғындары осы мессенджерді жиі пайдаланатын елдер рейтингінде Түркия 10-шы орында.
2 тамызда Түркия Instagram-ға кіруге шектеу қойды. Оған әлеуметтік желінің жергілікті заңнаманы бұзуы себеп болған. Алайда, сегіз күннен кейін платформа елде қайтадан жұмыс істей бастады. Түркия билігі мұндай шешімді Meta компаниясымен келіссөздер нәтижесінде қабылдады.