Түркия-Қазақстан қатынасы енді жаңа деңгеймен өлшенеді – сарапшы
Сарапшы Суат Бейлур екі ел қатынасы енді тек бауырластық риторикасымен шектелмейтінін айтты
Режеп Тайып Ердоғанның Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары Анкара мен Астана арасындағы қатынастардың жаңа деңгейге көтерілгенін көрсетті. Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, PhD доктор, Орталық Азия мен халықаралық қатынастар саласының зерттеушісі Суат Бейлур бұл сапарды қарапайым дипломатиялық кездесу ретінде бағалау жеткіліксіз екенін айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Сарапшының айтуынша, Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстар соңғы 35 жылда тек дипломатиялық қатынас аясында қалып қойған жоқ. Бүгінде екі ел экономика, энергетика, көлік, қорғаныс, ғылым, білім, мәдениет және геосаясат бағыттарында бір-бірімен тығыз байланысқан стратегиялық серіктестерге айналып отыр.
Сарапшы Түркияның Қазақстан тәуелсіздігін алғаш болып мойындаған мемлекет болғанын еске сала отырып, мұның символдық мәні әлі де сақталып келе жатқанын айтты.
– Соңғы жылдары Түркия мен Қазақстан арасындағы байланыстардың жаңа серпін алғаны анық байқалады. Ердоғанның Астанаға сапары осы жаңа кезеңнің ең маңызды көрсеткіштерінің бірі болды. Астанадағы қарсы алу деңгейі, берілген дипломатиялық сигналдар мен қол қойылған келісімдер Анкара мен Астананың дәстүрлі достық риторикасынан асып, жаңа стратегиялық үйлестіру кезеңіне өткенін көрсетті, – дейді сарапшы.
Түркі әлеміндегі негізгі тірекке айналған бағыт
Суат Бейлур соңғы жылдары Түркі мемлекеттері ұйымының институционалдық тұрғыдан күшеюі Түркия–Қазақстан бағытының салмағын арттырғанын айтады.
Оның сөзінше, бұл байланыс енді тек екіжақты қатынастың ғана емес, бүкіл Түркі әлемінің стратегиялық өзегіне айналып келеді.
– Түркі кеңесінің құрылу үдерісінен бастап Қазақстан Түркиямен бірге шешуші рөл атқарды. Ал Түркі әлемі интеграциясы идеясын алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаев көтергені белгілі. Түркістанның «Түркі әлемінің рухани астанасы» болып жариялануы да осы ұзақмерзімді стратегиялық көзқарастың маңызды бөлігі болды, – дейді Суат Бейлур.
Сарапшының пікірінше, бүгінде Түркі мемлекеттері ұйымы тек мәдени-гуманитарлық алаң ретінде қарастырылмайды. Ұйым біртіндеп экономикалық, технологиялық және геосаяси ықпалдастықтың маңызды тетігіне айналып келеді.
Инвестициялық келісімдер жаңа бағытты аңғартты
Сарапшы Астана сапары барысында қол қойылған келісімдердің мазмұнына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл құжаттар екі ел арасындағы ынтымақтастықтың енді стратегиялық секторларға да тереңдеп кіргенін көрсетті.
Суат Бейлур инвестицияларды өзара ынталандыру және қорғау туралы келісімнің маңызына тоқталып, мұндай құжаттар жаңа инвестициялық толқынға жол ашуы мүмкін екенін айтты.
Ол TAV Airports Holding-тің Алматы халықаралық әуежайына салған инвестициясын, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» мен YDA Group арасындағы аурухана құрылысына қатысты келісімдерді мысал ретінде келтірді.
– Түрік компанияларының Қазақстандағы қызметі енді тек сауда немесе құрылыс саласымен шектелмейді. Олар стратегиялық секторларға да кіре бастады. Бұл қатынастардың сапалық тұрғыдан өзгеріп жатқанын көрсетеді, – дейді зерттеуші.
Орта дәліз енді жай сауда жолы емес
Сарапшы энергетика саласындағы келісімдердің де геосаяси маңызы күшейгенін атап өтті.
Әсіресе KazMunayGas пен Türkiye Petrolleri Anonim Ortaklığı арасындағы уағдаластықтар оның назарын аударған.
Суат Бейлурдың сөзінше, Түркияның энергетикалық хабқа айналу стратегиясы қазіргі халықаралық жағдаймен тікелей байланысты.
– Ресей–Украина соғысынан кейін Еуропа балама энергетикалық бағыттарды іздей бастады. Соның нәтижесінде Каспий арқылы өтетін энергетикалық және логистикалық дәліздердің маңызы күрт артты. Иран төңірегіндегі шиеленістер мен Парсы шығанағындағы тұрақсыздықты ескерсек, Қазақстан энергия ресурстарын Әзербайжан мен Түркия арқылы Батыс нарығына жеткізу енді тек экономикалық емес, геосаяси мәселеге де айналып отыр, – дейді ол.
Сарапшы Орта дәліздің маңызы бүгінде тек тасымал бағыттарымен өлшенбейтінін айтады.
Оның пікірінше, Баку–Тбилиси–Карс теміржолы мен Каспий арқылы өтетін логистикалық желілер Түркия мен Қазақстанды Еуразияның жаңа геоэкономикалық картасындағы негізгі ойыншылардың біріне айналдырып отыр.
– Қытайдан Еуропаға дейінгі жаңа сауда бағыттарында Түркия мен Қазақстан бірін-бірі толықтыратын стратегиялық орталықтарға айналып келеді, – дейді сарапшы.
Қорғаныс саласындағы ынтымақтастық тереңдеп барады
Суат Бейлур қорғаныс саласындағы келісімдерді де ерекше атап өтті.
Оның айтуынша, ANKA ұшқышсыз ұшу аппараттарын бірлесіп өндіру және техникалық қызмет көрсету туралы келісім екі ел қатынасының жаңа кезеңге өткенін білдіреді.
– Түркияның қорғаныс өнеркәсібіндегі жетістіктері соңғы жылдары Түркі әлемінде үлкен қызығушылық тудырды. Қазақстанның бұл бағытта Түркиямен ынтымақтастықты күшейтуге ұмтылысы анық байқалады. Бұл тек әскери әлеует мәселесі емес. Мұнда технология трансфері мен қорғаныс индустриясының экожүйесін қалыптастыру мәселесі де бар, – дейді ол.
Түркі әлемі технологиялық кезеңге өтті
Сарапшы 15 мамырда Түркістанда өткен Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінің де ерекше маңызға ие болғанын айтты.
Оның пікірінше, саммит тақырыбының «жасанды интеллект, цифрлық трансформация және болашақ технологиялары» деп таңдалуы кездейсоқ емес.
– Бұл Түркі әлемінің енді тек мәдени интеграциямен шектелмейтінін көрсетті. Қазір технологиялық және стратегиялық әлеует қалыптастыру мәселесі алдыңғы қатарға шығып отыр, – дейді Суат Бейлур.
Сарапшы саммиттегі ең назар аудартқан жайттардың бірі ретінде Солтүстік Кипр Түрік Республикасы президентінің бақылаушы мәртебесімен қатысуын атады.
Оның айтуынша, СҚТР-дың Қазақстанда ТМҰ аясында осындай деңгейде ұсынылуы дипломатиялық тұрғыдан маңызды белгі болды.
– Астананың көпвекторлы әрі теңгерімді сыртқы саясатын ескерсек, бұл өте мұқият ойластырылған дипломатиялық қадам деуге болады, – дейді сарапшы.
«Бауырластық» ұғымынан стратегиялық серіктестікке дейін
Суат Бейлур қазіргі жағдайда Түркия мен Қазақстан арасындағы қатынастарды тек тарихи немесе мәдени жақындықпен түсіндіру жеткіліксіз екенін айтады.
Оның сөзінше, бүгінде екі ел арасындағы байланыс энергетикалық қауіпсіздік, қорғаныс өнеркәсібі, көлік дәліздері, цифрлық трансформация және Түркі әлемінің ортақ геосаяси ұстанымдары негізінде қайта қалыптасып жатыр.
– Ердоғанның Астанаға сапары Түркия–Қазақстан қатынастарында жаңа кезеңнің басталуына жол ашқан стратегиялық белес болды. Ендігі жерде екі ел арасындағы байланыстар тек «бауырластық» ұғымымен ғана емес, әлдеқайда ауқымды стратегиялық серіктестік үлгісі арқылы айқындала түседі, – деп түйіндеді сарапшы.