Түркия парламентінің депутаты: Референдум заң талаптарына сай өтті
Оның сөзінше, бақылаушылар барған барлық өңірде референдум заң талаптарына сәйкес өткізілген.
Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Осман Местен Қазақстандағы республикалық референдумды бақылау барысында дауыс беру процесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтты, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Оның сөзінше, бақылаушылар барған барлық өңірде референдум заң талаптарына сәйкес өткізілген.
Біз барған барлық аймақта белгіленген талаптардың толық орындалғанын көрдік. Әлеуметтік және ұйымдастырушылық стандарттар сақталған. Біз тек Түркияда ғана емес, Еуропа, Азия және әлемнің басқа да елдерінде сайлау процестерін бақылауға қатысып жүрміз. Сол тәжірибеге сүйене отырып айтар болсақ, Қазақстанда референдум өткізу кезінде заң талаптары мен мемлекеттік стандарттардың сақталғанына көз жеткіздік, – деді Осман Местен.
Сонымен қатар түркиялық депутат дауыс беру процесі тыныш әрі қалыпты жағдайда өткенін айтты.
Біз референдум ешқандай ескерту немесе алаңдаушылық туғызатын жағдайларсыз өткенін байқадық. Дауыс беру процесі сабырлы, тыныш жағдайда ұйымдастырылды, – дейді ол.