Түркия мен Сирияға көмекке барған ұшқыштар марапатталды
Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президентінің Іс Басқармасына қарасты «Бүркіт» авиакомпаниясының ұшқыштары қызметтік борышын атқарудағы жанқиярлығы, сондай-ақ Түркия мен Сирия елдеріндегі төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі үшін «Ерен еңбегі үшін» медалімен және Алғыс хаттармен марапатталды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Бүгін әуе компаниясында ұшқыштарды марапаттау салтанаты өтті.
Түркия мен Сирияға барған қазақстандық құтқарушылардың қатарында «Бүркіт» авиакомпаниясының 17 қызметкері болды.
Мемлекет басшысының тиісті Жарлығымен «Бүркіт» авиакомпаниясы Ил-76 ұшағының штурман-нұсқаушысы Нұржан Әбдібақиұлы Оспанқұлов және штурман Николай Николаевич Гудеев «Ерен еңбегі үшін» медаліне лайық деп табылды.
Н.Оспанқұлов пен Н.Гудеев «Бүркіт» әуе компаниясында 2004 жылдан бері еңбек етеді. Тәжірибелі мамандар өздерінің кәсіби біліктілігімен, жауаптылығымен, адами қасиеттерімен басқа әріптестеріне үлгі болып жүр.
Кешкі сағат 18:00 шамасында біздің қызметкерлерге хабар беріліп, тез арада жолға жиналдық. Келесі күні таңертең Газиантеп қаласына жеттік. Апат аймағындағы қалалардың әуежайларына қону барысында қиындық болды, дегенмен Қазақстан елшіліктерінің жылдам әрі тиімді әрекет етуінің арқасында біздің ұшақтардың уақтылы ұшып-қонуына жағдай жасалды. Біз Мемлекетіміздің және Президентіміздің тарапынан қойылған барлық тапсырмалар мен міндеттерді уақтылы орындауға дайынбыз, – деді ҚР Президентінің Алғыс хатымен марапатталған «Ил-76» ұшағының ұшқыш-нұсқаушысы Мұратхан Деңгелбаев.
Айта кетейік, ҚР ПІБ «Бүркіт» авиакомпаниясының ұшақтары Сирия мен Түркиядағы табиғи апат кезінде зілзала болған аймақтарға еліміздің құтқарушыларын, төтенше жағдай қызметінің техникаларын және гуманитарлық жүк жеткізумен айналысты. Олар Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан барлығы 5 рейс жасады.