Түркия Елшісі: Біздің тарихымыз, тамырымыз, тіліміз, дініміз бір

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін елордада Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен «Оқушыларымыздың қылқаламымен Түркия» атты сурет көрмесінің тұсаукесері өтті.

Шара түрік ақыны және ойшылы Юнус Эмренің өмірден озғанына 700 жыл толуына және 2021 жыл - түрікше жылына орай ұйымдастырылды.

Көрменің ашылуына Қазақстан Республикасындағы Түркияның Төтенше және өкілетті елшісі Уфук Экиджи мырза, ҚР Парламент депутаттары, дипломатиялық корпус өкілдері және өнер сүйер қауым қатысты.


Іс-шараны қазақ тілі мен әдебиеті бойынша докторант Әйгерім Тәлен жүргізді.


Салтанатты шараның шымылдығын ашқан Түркия елшісі қазақстандықтарды тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтады.



Бүгін сіздерді көргеніме қуаныштымын. Негізінен әрбір адам қандай елге бармасын, ерекше сезіммен оралады. Біздің суретші оқушыларымыз Түркияға барып, ол жақтан алған әсерін қылқаламмен бізге жеткізіп отыр екен. Сондықтан осы өнерпаздарымыздың екі елдің қарым-қатынасында көпір рөлін атқарып отырғанына өте қуаныштымыз. Өздеріңіз білетіндей, тарихымыз, тамырымыз, тіліміз, дініміз бір. Екі ел осындай мәдени іс-шаралар арқылы бас қосып отыр. Алдымыздағы желтоқсан айында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы тойланады. Осы керемет сәтті пайдаланып, барша қазақстандық бауырларымды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын, - деді Уфук Экиджи мырза.



Көрмеге қатысушы Юнус Эмре түрік мәдениет орталығының оқушысы Алия Сұлтанова картиналары арқылы халыққа Түркияның салт-дәстүрін, мәдениетін таныстырғысы келетінін айтты.



Сурет салумен бала кезден айналысамын. 5-сыныпта Абай Құнанбаевтың суретін салған едім. 2020 жылдан бастап Юнус Эмре атындағы түрік мәдени орталығында оқып жатырмын. Орталық маған Түркия тақырыбындағы картиналарымды көрмеге қоюыма  мүмкіндік берді. Мен үшін бұл - үлкен тәжірибе. Түркияны көпшілік білетін тұсынан емес, басқа да қырларынан көрсеткім келді. Көпшілік ол жақты Галата мұнарасы, Сұлтанахмет мешіті, Базилика цистернасы арқылы біледі. Көрмеге қойылатын суреттерімде Түркияны халық биі «зейбек», «дәруіш биі», Таксим трамвайы, түрік шайы мен кофе дәстүрі, түрік әйелдерінің күнделікті істері, ұлттық тоқаш «симит», Ататүрік портреті арқылы бейнеледім. Көрмеге 16 шығармамды қойдым, - деді жас суретші.



Түркияның Қазақстандағы Елшілігінің қолдауымен өткен көрме аясында орталықта білім алған үш қазақстандықтың 35 картинасы елордалықтар назарына ұсынылды.




Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Артём Чурсинов
Өзгелердің жаңалығы