Түркітілдес елдер омбудсмендерінің қауымдастығын құру ұсынылды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ҚР СІМ-не осы бастаманы қолдау туралы ұсыныс жібереді.
2020 жылғы 4 қарашада түркітілдес елдер омбудсмендерінің онлайн-кездесуі өтті, оған Түркия Республикасының, Әзербайжан Республикасының, Өзбекстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Қазақстан Республикасының ресми өкілдері қатысты.
Омбудсмендердің (адам құқықтары жөніндегі уәкілдердің) кездесуі барысында түркітілдес елдердің омбудсмендер қауымдастығын құру туралы түрік тарапының бастамасы талқыланды.
ҚР-дағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Әзімова Эльвира қауымдастықтың жарғылық құжаттарында Халықаралық Түркі мәдениеті ұйымының қағидаттары мен мақсаттарын, сондай-ақ БҰҰ Жарғысының қағидаттары мен мақсаттарын сақтауға бейілділік идеясын бекітудің маңыздылығын атап өтті.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қолдау, мемлекеттер арасындағы достық қатынастар мен ынтымақтастықты дамыту Біріккен Ұлттар Ұйымының негізгі мақсаттарының қатарына кіретінін еске салды.
Әзімова Эльвира болашақ диалог алаңының міндеті ретінде адам мен азаматтың құқықтарын құрметтеу және сақтау мәдениетін жоғарыда аталған негізгі қағидаттарға сәйкес ілгерілетудегі ынтымақтастықты белгілеуді ұсынды.
Талқылау қорытындысы бойынша түркітілдес елдердің омбудсмендері өз елдерінің үкіметтері мен сыртқы істер министрліктеріне осы бастаманы қолдау туралы ұсыныспен бірлесіп жүгінуге келісті.
Сондай-ақ, онлайн-кездесуге қатысушылар COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын сақтау туралы пікір алмасты.