Түркістанның шенді арулары

Құқық қорғау саласындағы қыз-келіншектер қылмыскердің қолын қайырып тұрып ұстамаса да заң мен тәртіптің сақталуына, қоғамның тыныш, тұрғындардың бейбіт өмір кешуіне титімдей де болсын үлестерін қосып жүр, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі.  

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай біз Түркістан облысының полиция аруларын таныстыра кеткенді жөн санадық. 

Сұлушаш Көшімбетова

Өз ісінің маманы, полицей-психолог Сұлушаш Көшімбетова құқық қорғау саласында еңбек етіп келе жатқанына биыл 15 жыл. Ол Ішкі істер саласында қызметке орналасатын мамандардың эмоционалдық реакциясын тексереді, психофизиологиялық зерттеулерден өткізеді. Бала күнінен полиция болуды армандаған Сұлушаш бүгінде капитан шенінде Түркістан облысы Полиция департаментінің Кадр саясаты басқармасының инспектор-полиграфы болып қызмет атқарады.

Полициядағы алғашқы еңбек жолын Маңғыстау облысы Ақтау қаласындағы мамандандырылған күзет қызметі басқармасынан бастаған. Алайда 2009 жылы  Түркістанға оралып, содан бері құзырлы қызметін осында жалғастырып жатыр. 

Оның айтуынша, ер азаматтардың көбі ішкі істер органдарына жұмысқа орналасқысы келеді. Ал мұндай жауапты қызметке алынатын азаматтардың психикасына зерттеу жүргізу өте маңызды деп санайды ол. 

Психология –  негізінен қиын да күрделі салалардың бірі ғой. Адам жанына терең үңіледі, қыр-сырын зерттейді. Сол себепті, үнемі білімімді жетілдіріп отыру үшін жылына кем дегенде екі рет біліктілікті арттыру курстарына қатысып, арнайы сертификаттарды алып отырамын. Өйткені, осы салаға келетін мамандардың құмар ойынға, есірткіге тағы басқа жаман әдеттерге тәуелділігін жай аппаратпен анықтап білу жеткіліксіз. Осы ретте адамның ішкі психологиясын анықтаумен қатар нумерологиялық білім де қажет, - дейді полиция капитаны Сұлушаш Шакирханқызы. 

Оның сөзінше, басшылардың басқару стилі мен көшбасшылығын және қызметкерлердің психологиялық жай-күйін анықтау басты орында. Осы мақсатта ол облыстағы аудандарға іссапарларға шығып тұрады.  

Өзімізге жүктелген жауапкершілікті жоғары деңгейде орындау үшін жұмысқа ерте келіп, кеш қайтатын кездеріміз де көп болады. Жұмыс, жұмыс деп отбасымды әрине ұмытып кетпейсің. Айтпағым, жолдасым да, отбасым да үнемі барлық кезде қолдау білдіретіні үшін алғысымды айтқым келеді, - дейді полиция капитаны. 

Әріптестері Сұлушашты ішкі істер саласына адал берілген, білікті де қайсар маман деп есептейді. 

Ақнәзік Тұрдыбаева

Екінші шенді аруымыз - полиция сержанты Ақнәзік Тұрдыбаева. Әдетте қоғамға қауіп төндіретін қылмыскерлер мен ереже бұзғандардың орны темір тор екені даусыз. Себебі, бір жағдай бола қалса біз дереу 102 байланыс желісіне хабарласамыз. Ер азаматтармен бірдей қызмет етіп жүрген Ақнәзік полицей осы 102-нің тұтқасын «ұстап» отыр. 

Ақнәзік бұған дейін басқа салада жұмыс істеген. Бірақ қазіргі таңда жүрек қалауын тыңдап, Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығында 102 операторы лауазымына орналасады. Негізгі қызметтік міндеті 102-ге тәулік ішінде келіп түскен барлық қоңыраулар мен хабарламаларды дер кезінде қабылдайды, электронды базаға тіркейді. Оқиға болса сол жерге полиция кешенді күштерінің барып, шешім қабылдауын қадағалап отырд. 

Ақнәзік Тұрдыбаева

Түркістан қаласы бойынша күніне 70-тен 110-ға дейін қоңыраулар келіп түседі. Ал айына екі мыңнан үш мыңға дейін түседі. Оның ішінде ақпарат немесе мәлімет ретінде сұрақ қою үшін кемінде 15-20 қоңырау шалушылар кездеседі. Бұдан бөлек, 102 мобильдік қосымшасына да жауаптымын. Оның ішінде SOS жүйесіне келіп түсетін барлық аудио, бейне және мәтіндік хабарламаларды қабылдап, тіркеп отырамын, - дейді полиция сержанты. 

Ақнәзік Нұрланқызы құқық қорғау саласына келмес бұрын Төлеби ауданындағы Тау самалы балаларды оқыту-сауықтыру лагерінде, кейін 2015-2018 жылдары Түркістан қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінде инспектор болып істеген. Ішкі істер саласына 2018 жылы Түркістан облысы ПД Жедел жоспарлау басқармасының іс қағаздарын жүргізу жөнінде инспекторы болып бастайды. Ал 2019-2020 жылдары Түркістан облысы ПД Кадр саясаты басқармасында іс қағаздарын жүргізу жөнінде инспекторы болған. 

Ақнәзік Тұрдыбаева

2021 жылдан бері жедел басқару орталығында 102 байланысына келіп түскен мәліметтерді үйлестіріп отыр. 

Айта кетейік, әулетте Ақнәзік қана емес, інісі де әпкесінің жолын қуып бүгінде тәртіп сақшысы атанған. Ол Маңғыстау облысы Полиция Департаменті Айдауыл қызмет ротасының полицейі. Інісінің құқық саласын таңдауына себепкер болған, анасына қамқор полицей ару Ақнәзік өз міндетін абыроймен атқарып жүр. 

Көкаршын Жолбарысханқызы

Үшінші шенді ару капитан Көкаршын Жолбарысханқызы полициялар әулетінен шыққан, жолдасы Дінмұхаммед Масатиков те полиция капитаны, Түркістан қалалық Полиция басқармасында учаскелік полиция инспекторы лауазымында еңбек етеді. Әрине, қос капитанды таныстырып, тағдырын табыстырған қызмет екені даусыз. 

 Неге десеңіз, шенді жұптар құқық қорғау органындағы алғашқы қызмет жолын Астана қаласының Полиция департаменті Есіл аудандық полиция бөлімінде тергеу саласында бірге қызмет істеуден бастаған. Сонымен қатар, екі капитанның да әкелері полиция саласында көп жыл қызмет етіп, құрметті зейнет демалысына шыққан. 

Әкем Жолбарысхан құқық қорғау саласына өте адал қызмет еткен адам, полиция деген атына кір келтірмей, ғұмырын осы салаға арнады. Полиция подполковнигі шенімен зейнетке шықты. Әке жолын қуып, інім екеуміз де полицей болуға бел будық. Біздің әулетте тәртіп сақшысы болу дәстүрге айналып кеткен десем қателеспеймін. Жұбайым Дінмұхаммедтің әкесі де зейнет демалысына шыққанша ішкі істер саласында құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуде тыңғылықты істер тындырды. Қайынатам да полицейдің  антына адал, сертіне берік болудың нағыз бейнесін сомдап, ұлына үлгі бола білген адам, - деді ол. 

Көкаршын Жолбарысханқызы

2021 жылы қызмет бабымен Түркістан облысына бірге ауысып келген шенді ерлі-зайыптылар өмірде де, қызметте де жұптары жазылмай, әке жолын жалғастырып, өз қызметтерін абыроймен атқарып жүр. Қазіргі таңда  Көкаршын Түркістан облысы Полиция Департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының жұмысын қадағалау және ұйымдастыру тобының инспекторы лауазымын атқарады.

Жанна Орынбаева

Төртінші шенді ару Жанна Орынбаеваны әріптестері іскер капитан деп атайды. Ішкі істер саласына 2014 жылы келген ол, бүгінде Екінші арнайы бөлімнің инспекторы. Өз ісіне тиянақты, жауапты атқарушылығының арқасында Ішкі істер министрі мен Департамент басшылығынан түрлі алғыс хаттармен марапатталды. 

Жанна Орынбаева

Жанна Мұхтарқызының іскер капитан атануының себебі, ол он саусағынан өнер тамған іскер шебер. Қолы қалт еткен сәтте түрлі моншақтардан қыз-келіншектерге арналған сөмке тоқып, кәсіп етумен айналысады. 

Әйел қауымы қай кезде болмасын сұлулыққа жаны құмар болып келеді. Моншақ тоқу өнері шеберлікті ғана емес шыдамдылықты талап етеді. Мәселен, ойымда жүрген әсемдікті қолмен жасап шығарған кезде ерекше қуанамын. Өз қолыммен жасаған әрбір туындыма жүрегімді салып істейтінім содан. Қолымнан келетін осы өнерімді болашақта одан ары дамытқым келеді. Көптеген нәзік жандыларға титтей де болсын көмегім тигенін қалаймын - дейді полиция капитаны.

Түркістанның ішкі істер саласына осылайша үлес қосып жүрген шенді арулар көп. Осындай нәзік жандар барда рухани қаланың тәртіп саласы сенімді қолда деуге болады. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысы Полиция департаменті
Өзгелердің жаңалығы