Түркістанның көшпелі көрмесі Атырауға жетті

Атырау, BAQ.KZ тілшісі. Атырауға алғаш рет Түркістан облысынан көшпелі көрме келді. Атырау облыстық тарихи-өлкетану мұражайында «Руханият-Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің қызметкерлері ежелгі Отырар қаласының айтулы тұлғалары мен мұраларын таныстырды.

Көрменің басты мақсаты – Отырар қаласының жәдігерлерін атыраулықтарға кеңінен насихаттау, таныту. Көшпелі мұражайда мәдени құнды ескерткіштер, Арыстанбабтың және ондағы кітапхана, Қаратау атырабында өмір сүрген белгілі тұлғалар шығармаларының түпнұсқа жәдігерлері көрермен назарына ұсынылды.


Мұражай өкілдерінің айтуынша, көрмеге келушілер әлемнің екінші Аристотелі атанған Әбу Насыр әл-Фарабидің еңбектеріне ерекше назар аударуда.

«Әл-Фарабидің трактаттарын биыл біз өзіміз жоспарлап отырмыз. 13 дана трактаттың ішінде бесеуі әл-Фарабиге қатысты трактаттар болып саналады да, ал қалғандары сол әл-Фараби туралы пікір жазған ғалымдардың ғылыми еңбектері. Бұлардың барлығы келесі 2020 жылғы әл-Фарабидің 1150 жылдығы қарсаңында осы кітаптарды жарыққа шығарып, халыққа таратамыз деген ойдамыз», - дейді «Руханият Әбу Насыр әл-Фараби» музейінің қызметкері Қанат Құдабай.


Көрмеге құнды болып саналатын 40-тан астам негізгі жәдігерлер әкелінген. Көшпелі көрмені ұйымдастырушылардың ендігі жоспары – тарихи мұраларды Қызылорда және Шымкент облыстарының халқына таныстыру.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы