Түркістанның энергетика саласына 2029 жылға дейін 60 млрд теңге инвестиция салынады

Түркістан облысында энергетикалық және коммуналдық секторды жаңғыртуға бағытталған Ұлттық жоба іске асырыла бастады. 2029 жылға дейін өңірдің энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға 60 млрд теңгеден астам инвестиция тарту жоспарланып отыр. Қазірдің өзінде іске қосылған жобаларға 6,9 млрд теңге инвестиция салынды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Жобаны «Қазақстан коммуналдық жүйелері» компаниялар тобы мен оның еншілес ұйымы «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС жүзеге асыруда. Компаниялар электр желілерін жаңғыртып, трансформаторлық қосалқы стансаларды қайта құрып, заманауи цифрлық сервистерді енгізуде.

Негізгі жобалардың бірі – құны 3,8 млрд теңге болатын Түркістан қаласындағы «Орталық – Яссы» бағытындағы 110 кВ электр желісінің құрылысы. Ол 2026 жылдың ақпанында аяқталады деп жоспарланған. Сонымен қатар Ордабасы ауданында да осындай қуатты желілер қайта жаңғыртылып жатыр. Бұдан бөлек, ұзындығы 89,8 шақырым болатын 31 нысандағы төмен вольтты желілер жаңартылуда.

«Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесі жеке инвестициялық бағдарламасы аясында 5,3 млрд теңге көлемінде қаражат бағыттап, 84 трансформаторлық қосалқы стансаны жаңартты және 240 шақырымнан астам электр желісін қайта салды. Қазір Төрткүл ауылындағы қосалқы станса мен Шәуілдір – Төрткүл аралығындағы 110 кВ желі құрылысы жүріп жатыр.

Бұл жұмыстар ҚР Энергетика министрлігі мен Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен іске асуда. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға ықпал етпек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Энергетика министрлігінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы