Түркістанға ұша алмаған жолаушылар екі тәуліктен бері әуежайда жүр
Флай Арыстан компаниясының Астана-Түркістан бағытындағы жолаушылар ұшағы екі күнге кешікті. Наразы жолаушылар компания өкілдерінен ұшақтың ұшырылуын талап етуде. Ашуланған жолаушылар әуежайда наразылық акциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Компания өкілдері бірінші ауа райын, сосын техникалық себептерді кейін пилоттардың жоқтығын уәж ретінде келтірді.
30 сағат болды әуежайда жүргенімізге. Рейс әне болады, міне болады деп уәдені сағат сайын береді. Шаршадық, арасында 2-3 баласымен жүргендер, мүмкіндігі шектеуле жандар да бар, - дейді Әбдусаттар Хикматулла.
Жолаушылардың бірі туысының батасына жете алмаса, енді бірі дәрігерге жете алмай әуре-сарсаңға түсіп отыр.
Түркістан арқылы ұшып Стамбулға дәрігерге баруым керек болатын. Екі күнге кешігіп, барлық қабылдаудан қалдым. Айтарға сөзім жоқ, — дейді жолаушы Елена.
Балаларымыз үш күнге Түркістанға туристік тур сыйлаған еді. Қонақ үй бәрі күйіп кететін болды,- дейді ерлі-зайыпты жолаушылар.
Әуе компаниясының өкілдері түскі сағат, 12.40 та жолаушылар ұшаққа отырады деп уәде беріп отыр. Олар болса күтуден басқа амалымыз жоқ дейді.
Жолаушылар әуе компаниясына наразы екенін айтып бірауыздан арыз жазып, оны әуежайдың полиция өкілдеріне тапсырды.