Түркістанға сапар. Отырар өркениеті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласы облыс орталығына айналғаннан бері қарқындап өсіп, оның жан-жағындағы киелі орындарға аса көңіл бөліне бастады. Ежелгі Отырар қалашығының қазіргі жай-күйі қандай? Ол қалашық туралы толық ақпаратты қайдан алуға болады? Осы және өзге де қызықты дерек пен дәйекке Түркістан облысына жасаған 5 күндік баспасөз турында қарық болдық.
«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ мен Fly Arystan әуекомпаниясы ұйымдастырған ақпараттық турдың алғашқы күні тарихқа енді. Себебі Түркістанның Hazret Sultan Airport халықаралық әуежайына Нұр-Сұлтан – Түркістан бағытындағы Fly Arystan-ның әуе кемесі алғашқы болып қонды. Әуежайдың мүмкіндігі мен әлеуеті туралы осыған дейін жазған едік.
Аты аңызға айналған Отырар қаласы өз күшімен жауға 6 ай берілмей келгенін ақын Мұхтар Шаханов «Отырар» өлеңінде жырлаған еді.
Отырар қаласы Түркістан облысы Отырар ауданы темір жол стансасынан солтүстік-батысқа қарай 7 шақырым жерде орналасқан.
Отырар қаласының аты VIII ғасырдан бастап аталғанмен, оның бастапқы тарихы біздің заманымызға дейін II ғасырда Сырдарияның орта ағысында пайда болған Қаңлы мемлекетінің тарихымен тығыз байланысты. Отырар – Орталық Азия аумағындағы ең көне қаланың бірі. Ежелгіде оның атауы Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб болған.
Қалашыққа бара жатқанда ежелгі моншаның орнын көруге болады.
Себебі IX-XV ғасырларда қала құрылысында монша сияқты қоғамдық орындар пайда болған. Оның бірі қаланың солтүстік-батыс бөлігінен, шахристан қорған-қабырғасына жақын жерден анықталса, екіншісі XIII-XV ғасырларда салынған моншаның астында қалып отыр.
XIII-XV ғасыр аралығында пайдаланылған монша шешінетін орын мен демалу бөлмесі мен бухана тәрізді 10 бөлмеден тұрады.
Моншаға су қоймасы арқылы тартылған су құбырлары арқылы келіп тұрған.
Отырар қалашығының алдынан Жібек жолының символы түйелердің көшін көруге болады.
Қазір қалашықта қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Себебі Отырар қалашығы тарих пен оқиғаға бай, туристер баратын таптырмайтын орынға айналған.
Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фараби 870 жылы бүгінде Отырар қаласында дүниеге келген.
Ежелгі қалашық туралы барлық ақпарат пен қалашықтан табылған көне жәдігерлерді түпнегізде Отырар мемлекеттік археологиялық музей-қорығы Сапар орталығынан тамашалауға болады.
Сапар орталығы 2019 жылы пайдалануға берілген.
Биылғы жазда қайта жаңғыртудан өткен. Кез келген турист орталыққа келіп қажетті ақпаратқа ие болып, жәдігерлермен таныса алады.
Ғимарат астыңғы қабатты қосқанда үш қабаттан тұрады. Астыңғы қабатта шеберханалар мен қайта жасау бөлімі бар.
Орталықта Отырардың әр кезеңіндегі қазба байлықтарынан табылған жәдігерлер түпнегізде қойылған.
Оның ішінде Шығыс ғұламасы әл-Фарабиге арналған көрме де бар.
Тарихы тереңде жатқан тағы бір нысан - Арыстан баб кесенесі.
Баб сөзі ерекше мәртебеге ие адамдарға қосылған. Тарихтан білетініміз Арыстан баб Қожа Ахмет Яссауидің ұстазы.
Ал Арыстан баб кесенесі - көне Отырар жеріндегі сәулет өнері ескерткіші.
Ол Арыстан баб ата қабірінің басына салынған.
Арыстан баб кесенесіне бара жатқан жолда тұрған энергетика ерекше болып көрінді.
Пандемия киелі жерлерді де айналып өтпеген. Зиярат етушілерді кезекпен кіргізіп, жергілікті молдалар маска тағып жүр.
Біз де Арыстан баб кесенесінің ішін тамашаладық.
Зиярат етушілерді қабылдау бөлмесінен бөлек көне заттарды көруге болады.
Келушілерге арналған құлшылық ететін бөлме де бар.
Арыстан баб кесенесіне тек облыстан емес, бүкіл өңірден құлшылық етуге адамдар келетінін атап өткен жөн.
Арыстан баб кесенесінің жанында құдық орналасқан. Келушілер ырым жасап, киелі жердің суын ішіп көреді. Өзіміз де дәмін таттық, суы тұзды.
Терең тарихты түгендеп, оны өскелең ұрпаққа қалдыру - адамзаттың аманаты шығар.