ШҚО делегациясы түркістандықтарға 1 366 бос жұмыс орнын ұсынды
Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы бастаған шығысқазақстандық делегация Түркістан облысының Жетісай ауданына барып қайтты.
Мұндағы негізгі мақсат - жұмыс күші жеткіліксіз өңірлерге көшіп келуге тілек білдірушілер жәрмеңкесіне қатысу болды.
«Мамандарды біздің өңірге шақырамыз. Бұған дейін бізге келген азаматтар бүгінде орнығып қойды. Кейбірі жер телімдерін алып жеке және фермерлік шаруашылықтарын дөңгелетіп отырса, енді бірі өз кәсібін ашып, я болмаса өндірістік кәсіпорындарға жұмысқа тұрды. Біз қандай маман болмасын құшақ жая қарсы аламыз», - деді шараның ашылу барысында сөз алған ШҚО Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Ерболат Ошақбаев.
Шығыс Қазақстан облысының 10 аудан, қаласынан келген өкілдер ниет білдірушілер арасында көші-қон және жұмысқа орналасу жайында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, ең қажетті деген мамандықтар бойынша 1366 бос жұмыс орнын ұсынды. Ұсынылған мамандықтар ішінде 181-і денсаулық сақтау, 343-і білім салалары болса, 77-сі ауыл шаруашылығына қатысты мамандықтар.
«Облыс мамандарды қабылдап, әр қоныстанушыны өңірде толық орныққанша қолдауға әзір. Оларға баспана алуға, оқытуға, жұмысқа орналасуға көмек көрсетеміз. Көтермелеу ақысы төленеді. Мысалы, қалалық жерлерге қоныстанушылардың отбасындағы әр мүшесіне 20 айлық есептік көрсеткіш, яғни 50 500 теңге мөлшерінде төлемақы беріледі. Егер отбасы төрт адамнан тұрса, оларға 63 125 теңгеден, бес және одан көп мүшесі бар жанұялардың әр адамына 75 750 теңгеден табысталады. Ауылдық жерге қоныстанған азамат жалғыз болса 37 875 теңге, егер отбасында екіден төрт адамға дейін болса, әрқайсысына 45 450 теңгеден, бес және одан көп адам болса- 65 025 теңгеден көтермелеу ақысы беріледі», - деді Ерболат Ошақбаев.
Басқарма басшысының айтуынша, тілек білдірушілер субсидиялау арқылы баспананы өз меншігіне ала алатын көрінеді. Өткен жылы осындай жолмен 100 отбасы баспаналы болған. Тұрғын үйлер маманды қажет ететін кәсіпорындар немесе ауылдық округ әкімдіктері арқылы беріледі.
«Көшіп келушілерге көмір, отын, мал басына дейін беріледі. Кейбір аудандарымыздың мұндай отбасыларға 10 бас ұсақ мал, ірі-қара мен жылқы берген кездері де болған», - деп қосты лауазымды тұлға.
Қоса кетсек, 2 мыңнан астам Түркістан болысының тұрғындары келген бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары да қатысты.