Түркістандықтар көш бастап тұр
Түркістан облысы тұрғындарының саны 2 млн 116 мыңға жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Ұлттық статистика бюросының 2023 жылдың 1 қаңтарындағы мәліметіне сәйкес Қазақстан халқының саны 19 млн 765 мыңды құрайды. Жылына орта есеппен 265 мыңға көбеюде. Демографиялық көрсеткішке түркістандықтар ерекше үлес қосқан.
Өңірде былтыр 57 мыңнан астам сәби дүниеге келсе, 27 мыңнан астам адам сырттан көшіп келген. ТМД елдерінен келгендердің саны да артқан. Нәжижесінде облыс тұрғындарының саны 2 млн 116 мыңға адамға жетіп отыр.
Облыстың өз ішінен алып қарағанда халық санының 75 % ауыл халқы құрайды. Түркістан қаласы мен Сайрам ауданының тұрғындары әрқайсында 220 мыңнан асты. Сарыағаш пен Жетісай аудандарының халқы да 220 мыңның үстіне шықты. Осы қарқын тоқтамаса, таяу жылдары-ақ түркістандықтар 2,5 млн-ға жеткелі тұр. Сондықтан да кеше ғана 1000-шы мектебі ашылған аймаққа әлі тағы жүзге жуық мектепке сұраныс туғалы тұр. Жалпы өңірде демографиялық дүмпудың артқаны әрине, қуанышты жайт. Дегенмен өзгесін айтпағанның өзінде елді баспанамен және жаңа жұмыс орындарымен қамту жыл өткен сайын өзекті бола түсері анық, - дейді Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев.
Қазір Түркістан облысында үй кезегінде тұрғандардың қатары 58 000-ға жеткен болса, аудан, қала және ауылдарда жеке баспана салу үшін жер телімін алуға өтініш білдіргендердің саны 407 мыңнан асқан. Былтыр 700 000 шаршы метр үй салынған. Ал оңтүстік өңірден солтүстікке 2600-дей тұрғын қоныс аударған. Биыл мемлекет тағы 6800 квота белгілеген.
Әсел Әбілбек