Түркістандық тоғызқұмалақшылар ел чемпионатында топ жарды

Ақтөбе қаласында тоғызқұмалақтан әйелдер арасындағы Қазақстан Республикасының командалық чемпионаты өз мәресіне жетті, деп хабарлайды BAQ.KZ.

ҚР Тоғызқұмалақ федерациясының баспасөз қызметі бір аптаға созылған тартысты додада түркістандық арулар алдына жан салмағанын жазды.

Финалдық бәсекені тамашалауға Тоғызқұмалақ спорты федерациясы президенті Әлихан Бәйменов қатысып, жүлдегер командаларды жеңістерімен құттықтады.

Жарысқа Абай, Алматы, Батыс Қазақстан, Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Түркістан және Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласының құрама командаларынан құралған 70-тен астам зияткер қатысып, ойынның «классика» және «блиц» түрінен өзара жеңімпаз команданы анықтады.

Жарыс нәтижесі бойынша Түркістан облысының әйелдер құрамасы мықтылық танытып, жалпыкомандалық есепте бірінші орыннан көрінді. Ал екінші орынды қызылордалық ойыншылар иеленсе, үшінші орынды Павлодар облысынан келген команда еншіледі.

Блиц түрінің нәтижесі мынадай:
1 орын - Түркістан облысы
2 орын - Павлодар облысы
3 орын - Ақтөбе облысы.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы