Түркістандық шаруалар «Мақта туралы заң» қабылданғанын күтеді

Биылғы барыс жылы мақта дақылын егіп, нәпақасын айыратын диқаншылар үшін берекелі жыл бола қоймады, деп хабарлайды аймақтағы BAQ.KZ тілшісі. 

Түркістан облысының климаты жылы болғандықтан ірі өндірістік кәсіпорындарға қарағанда ауылшаруашылығы саласы жақсы дамыған аймақ. Соның ішінде ақ алқапты мақтаның орны бөлек. 

Жалпы, оңтүстікте мақта шаруашылығымен айналысатындар саны 25 мыңнан асып жығылады. Жыл сайын мақта өнімінен табысты шығатын шаруалар биыл мақта орылымы жақындағаннан-ақ дүрбелеңге түсті. Себеп, мақта бағасы төмендеп кеткен, ал жергілікті әкімшілік бұл мәселені шешумен емес, тек ресми есептермен ғана шектеліп отырған сыңайлы. 

Түркістан облысы ауыл шаруашылығы басқармасының мәліметіне жүгінсек, осы жылы 126,3 мың гектар мақта егілген, одан түсетін өнім 330,3 мың тонна болады деп күтілуде. Айта кетейік, өткен жылы 110 мың гектар жерге мақта егіп, 290,4 мың тонна мақта жинаған екен. Қазірге дейін жоспарланып отырған шитті мақтаның  324,3 мың тоннасы жиналып қойған. Мақта егістігін оруға 659 дана комбайн тартылған. 

Жергілікті шаруалардың айтуынша, былтыр шитті мақтаның тоннасы 320-350 теңгеден қабылданып, көп табысқа кенелген. 

Өткізілген мақта өнімдері Ресейге, Қытайға, Түркияға, Молдавияға, Германия және Белгияға яғни 68 мың тоннадай мақта сыртқы елдерге экспортталған.  Оның ішінде ең көп тонна мақта жөнелтілген ел – Түркия мен Ресей. 

Осы арада өзіміздің ішкі нарық Қазақстанға қанша мақта қалды деген сұрақ туындайды. Бұл ретте ішкі нарықтағы мақта талшығы 19,0 мың тоннаны құрайды. Сондай-ақ, мақта өнімдерінен елімізде әскерилерге арналған киімдер, көрпе-төсек жамылғысы, сүлгілер т.б. материалдар әзірленеді. 

Басқарма мамандары бір гектар жерге мақта өсіріп, жинау үшін агроқұрылымдардың 329 мыңнан астам теңге жұмсағанын алға  тартты. Себебі бір келі шитті мақтаның орташа бағасы 20 центнермен есептесе 245 мың теңгедей шығады. 

Сонымен, оңтүстікте шитті дақылды қабылдайтын 22 мақта өңдеу зауытының 187 мақта қабылдау бекеттері жұмыс істеп жатыр. Түркістанда шаруалардың көңілінен шығып отырған небары үш қана зауыт тиімді баға ұсынған. Атап айтқанда, Мақтаарал ауданындағы «Жанасыл», Саурандағы «Картекс» пен Ордабасы ауданындағы «Нұр-Агро 73» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері 330-370 мың теңге аралығында шитті мақтаны қабылдаған. Алайда бұл жиылған мақта өнімінің 10 пайызын ғана құрап отыр. 

Ал мақта дақылын егіп, мол өнім өндіріп, табысқа кенелеміз деп отырған шаруалардың жай-күйі қалай? Жетісай ауданы, Байдала елді мекенінде бүгінде 148 мың түтін бар. Ауыл биі Кенжебай Бектеновтың айтуынша, осы ауыл тұрғындарының 95 пайызы мақта шаруашылығымен айналысады. Оның айтуынша, диқандардың жанайқайын тыңдайтын адам жоқ, үкіметтен де, жергілікті биліктен де қайран болмай отыр. 

Былтыр мақта еккен біраз шаруалар мол табысқа кенелген болатын. Биыл да солай болады деп ойлаған көптеген шаруалар табысқа кенелмек түгілі, алған несиелерін жаба алмай қарыз болып қалды. Тіпті өмірінде мақтамен айналыспаған адамдар да шитті дақыл егу үшін жер алып, мақта егіп, ала жаздай еңбектенген болатын. Өкінішке қарай, жағдай біз күткендегідей болмады. Бұршақ ұрып кетті, комбайн да болмай діңкелетті. Бәрібір біз айтқанымен, сіз жазғаныңызбен ештеңе өзгере қоймайды, - деді қынжылыс білдірген ауыл биі К.Бектенов. 

Жалпы, «Жанболат Бектенов» шаруа қожалығы  29 шаруадан құралған, 38 гектар жері бар. Комбайн келген күні қалған мақта дақылы орылымын күтіп отырғанын атап өтті. 

Мақта бағасы биыл неліктен түсіп кетті? Сарапшылар мақта талшығы әлемдік нарыққа тәуелді екенін, сонымен қатар ақ алтынның бағасы Ливерпуль мақта биржасына сәйкес белгіленетінін тілге тиек етті. Мәселен, қазіргі кезде Ливерпуль биржасында мақтаның 1 тонна бағасы 89,2 индекс, демек шитті мақтаның бағасы шамамен 220 мың теңгені құрайды. 

Сарапшылар шитті мақтаның бағасы төмендеуіне әлемде болып жатқан оқиғалардың да әсері барын, логистикалық тасымалдың шығыны көбейгенін алға тартуда. Салдарынан бұған дейін мақта сатып алып отырған шетелдік компаниялар Қазақстанға деген сұранысты азайтқан. Бұл әрине мақта бағасының тұрақсыздығына алып келген. 

Мақта мәселесіне байланысты бір топ шаруалар Түркістан облысы әкімдігінің ғимараты алдына келіп те жанайқайларын жеткізген болатын. Мәселені ушықтырмай шешеміз деген жергілікті билік қазан айының соңында шаруалардың басын қосып, жиын өткізіп, олардың уәжін тыңдады. Жиынға мақта өңдейтін зауыт пен мақта өсіретін шаруашылық басшылары қатысты. Сол жиында мақта саласындағы проблемаларды бірігіп шешу жолдары айтылғанымен шаруалар ештеңенің де өзгермегенін айтып отыр. 

«Абдибек» іріленген шаруа қожалығының басқарушысы Нұржан Үсен нарықта мақта бағасының жоқтығын, ал шитті дақылды не үшін көп егетінін түсіндіріп өтті.

 

Қазір Қазақстанға мақта керек емес деп айтады. Негізі дүниежүзінде киімді мақтадан тігеді. Демек қажет өнім. Біз өз елімізде өндіріс орындарының болмауы себебінен осындай жағдайға түсіп отырмыз. Мақтаны шетелден келіп алатын клиент болмаған соңы осындай болары сөзсіз. Біздің Парламентте «Мақта туралы заң» қабылданып, шитті өнімнің бағасы мен зауыттардың мақтаны қабылдау нормасын реттейтін заңдар қабылданса дұрыс болар еді. Шаруаларға қол ұшын созбаса, олар да біз мемлекетке керек емеспіз деп ойлайды, - деді Нұржан Үсен. 

Облыс әкімінің тапсырмасымен Жетісайда мақташылардың басын қосқан жиын өткізілді. Оған аудан басшылары мен жергілікті депутаттар, зауыт пен микроқаржы ұйымдарының басшылары, Жетісай мен Мақтаарал  ауданының диқандары қатысты. Осы жиында зауыт басшылары мақтаның келісін 250 теңгеден алатын болып тарқасты. 

Мәселе осымен шешілді ме? Диқандар егістік алқапта жыл он екі ай маңдай термен бейнеттеніп тапқан еңбегінің жемісін көре алмағанына наразы. 

Негізі жылда мақта егеміз, арасында жоңышқа, қауын-қарбыз да егіп тұрамыз. Өткен жылы баға жақсы болғаннан кейін бұл жылы да жақсы болады деп мақта еккенбіз. Мақтаны да қарау оңай емес. Қысқы, жазғы суы бар. Құрт түспесі үшін химикат заттарын аламыз, оның бәрі қымбаттап кеткен. Мақтаны қарау, жанар-жағармай бағасының бәрі өскен. Зауыт өз айтқанын жасайды. Бағаның төмен болуын зауыт басшылары Ресей мен Украина арасында болып жатқан соғыстың әсері барын, трейдерлердің жоқтығымен түсіндіреді. Негізі Ливерпуль биржасындағы индекстің бағасы да 2230 жаман емес, жақсы, - дейді «Абдибек» іріленген шаруа қожалығының басқарушысы. 

Шаруалар бір гектар жерге шығын орта есеппен 350-400 мың теңгедей кеткенін  және жыл оны екі ай жүріп, оның үстінен 100 мың теңге ғана көргені бәріне тиімсіз екенін айтып өтті. Соңы көбі қаржы ұйымдарынан несие алып, төлей алмай қалғандықтан, «Мақта бағасы неге арзан?» деген дауға ұласқан. Ал мемлекеттен ешқандай көмек жоқ. Бұрын шаруаларға гектарлық, кейіннен тоннаға беретін субсидия болған екен, ал қазір ондай жоқтың қасы. Әбден ашынған шаруалардың талабымыз орындалып, оны жүзеге асыратын «Мақта туралы заң» қабылданса дейді. 

Бізге мақтадан басқа дақылдар екпейсіңдер дейді, себебі біздің жер сорланып кеткен. Тұзды жер, жерасты суы жақын. Осы жерасты суының тұзын тартатын дренаждар істен шыққан. Сол себепті басқа дақылдар еге алмаймыз. Ал мақта сәл де болсын тұзды көтере алады. Ауылшаруашылық басқармасынан әр жылда тыңайтқыштарға субсидия бөледі, бірақ сол бюджетті бізге кешіктіріп береді. Осы ақшаны қаңтардан бастап ертерек бөлетін болса шаруалардың бәріне тиімді болар еді. Наурызда болғаннан кейін уақыт жетпейді, - дейді Нұржан Үсен.  

Ал Түркістан өңірлік ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәліметтерді сөйлетер болсақ,  мемлекеттік қолдау жүргізіліп-ақ жатыр. Мәселен, көктем мен күзгі дала жұмыстарына 96 мың тонна жанар-жағармай бөлінсе, минералды тыңайтқыштарды субсидиялауға 6,1 миллиард теңге, биопрепараттар мен пестицидтерге 521,4 миллион теңге, қысқасы 15 мыңға жетеқабыл ауылшаруашылығымен айналысатын құрылымдарға мемлекет жәрдем берген.  Оған қоса 494 ауыл шаруашылық техникасы сатып алыныпты.   

Дегенмен, шаруалардың жанайқайына бұл көрсеткіштердің ешқандай да көмегі болмағаны, облыс пен аудан көлемінде өткізілген жиындар мақта бағасының тоннасы 250 мың теңгеден кем болмауымен ғана шектелгенін диқандар ашына айтып отыр. 

Ал мұны реттейтін «Мақта туралы заң» қабылданып жатса, диқандардың жай-күйі реттеле ме, жоқ па, қалай боларын уақыт көрсете жатар. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: автордан
Өзгелердің жаңалығы