Түркістандық шабандоздар дауыс берді

Көкпар десе делебесі қозбайтын қазақ жоқ шығар. Республика көлемінде өтіп жатқан бүгінгі саяси науқанда өз үміткерлерін таңдауға Түлкібас ауданының шабандоздары да бір кісідей келіп атсалысты, деп хабарлайды Түркістан облысындағы BAQ.KZ тілшісі. 

Аудандағы Шақпақ-баба ауылында орналасқан №792 сайлау учаскесіне шабандоздар бір топ болып келіп, саяси науқанға алғаш рет қатысып отыр. 

Шабандоздар командасында чемпион көкпаршы яғни Қазақстан Республикасы жастар құрамасының белді мүшесі Асылжан Мамыт та арнайы келді. Шабандоздар көкпарға мінетін аттарымен сайлау учаскесіне ұлттық нақыштағы көкпар киімімен салтанатты түрде келіп, дауыс берді. 

Он сегіз жасқа толып әрі бірінші рет дауыс берген жас көкпаршы Асылжан сайлауға ұлттық киіммен келу себебін Наурыз мерекесімен байланыстырды және сонымен қатар ұлттық спорт пен салт-дәстүрді насихаттау екенін де атап өтті. 

Өз кезегінде Түлкібас ауданы әкімінің баспасөз хатшысы Бақытжан Иманбаев аумақта 60 сайлау учаскесі мен 60166 сайлаушы тіркелгенін айта кетті. Сондай-ақ, аудандағы мүгедектігі бар азаматтарға да дауыс беру мүмкіндігі ұмыт қалдырылмаған.   

Түлкібастағы барлық сайлау учаскелерінде Брайль шрифті бар трафареттер мен үміткерлердің тізімі жасалған бюллетеньдердің аудио нұсқалары қолжетімді етіп жасалды. Ал Шақпақ-бабадағы №792 сайлау учаскесіне 2170 дауыс беруші азамат тіркелген. Түскі сағат он екіге дейін сайлаушылардың 23 пайызы дауыс беріп үлгерді, - деді баспасөз хатшысы. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан өңірлік коммуникациялық қызметі
Өзгелердің жаңалығы