Ұлдарымды таяқпен тәрбиелеймін. Ешкімнің шатағы болмасын – түркістандық қатыгез әке
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұл туралы «Дау дамайсыз» бағдарламасының жүргізушісі Жазира Бегалы өз Instagram-дағы парақшасында жазды.
Әке-шешем мені солай тәрбиелеген. Ұлдарымды ұрып, таяқпен тәрбиелеймін. Қалай тәрбиелеймін, өзім білемін. Ешкімнің шатағы болмасын, - депті бала-шағасын ұрған әке.
Оның айтуынша, таңертең үш баланың анасы Махаббатпен сөйлескен. Кеше түнгі 12-ге дейін тергеушілер балалар мен әйелден жауап жазып алыпты. Келіншек айғақ ретінде телефонын да полиция бөлімшесінде қалдырыпты.
Ал өзінің ұлдарын аяусыз ұрғанын дұрыс деп есептейтін әке балалары мен жұбайынан кеше кешірім де сұрамағанын естіп, жағамды ұстадым. Келіншекке видеоға неге түсірдің деп күңкілдегіштер, ақыл айтқыштар зіркілдемесін. 4 жыл бойы сол еркектің арақ ішіп, үйінде соғыс ашып, бала-шағасы, әйелін қорлап жатқанын маңындағы ағайын, көршілер қалай білмеген? Яғни, ол еркек ешкім естімейтін әдіс пайдаланған. Анау зілдей жұдырықпен ұрғанда екі баланың біреуі де жылаған жоқ. Видеоны қарап, соған таңғалдым. Себебі, олар жыласа, одан да зор таяқтың көкесін жейтінін біледі. Балаларға үрей, қорқынышпен өмір сүру оңай емес. Анасы бұған дейін де ағайын-жұртына шағымданған. Өкінішке қарай, басы ауырмаған, балтыры сыздамаған, ол еркектің таяғын жемегендер бұл азаптың қаншалықты азап, тозақ екенін білмейді. Тас түскен жеріне ауыр. Ұят болады, шыда, балалар әкесіз қалады деп ақыл айтқыштарды сол еркекке бір сабатып алу керек. Басқа айтуға сөз таппай отырмын. Сол татуластырғыштар зорлық-зомбылықтың салдарын, себебін неге ойламайды? - деді ол.
Бегалы балаларды анасы видеоға неге түсірді, неге араша түспеді дегендерді сынға алды.
Анасы видеоға неге түсірді, араша түспеді деп ақыл айтқыштарға айтарым, ерінен таяқ жеп, кіші ұлының аузы қанап, жылаған баласын жұбату үшін емізіп отырып, өзі қорқып, жүрегі қан жылаған шеше кешегі кадрларды жасырын түсіруге мәжбүр болғанын айтады. Сондықтан кез келген анаға перзентінің азаптағанын көру оңай емес. Солай өмір сүру тозақтың отынан азап, - деп атап өтті жүргізуші.
Ол Қазығұрт аудандық әкімдігі арнайы топ құрып, балаларға психологиялық көмек көрсететінін айтты.
Енді, құрметті ұстаздар, бізге балалар айтпады, олар көңілді жүрген деп, шәкірттеріңізді мына азаптан құтқарудың орнына «ұрғыш әкені» ақтап шығу ма, түсінбедім. Олардан сіздер әкең қандай адам деп сұрап көрдіңіздер ме? Ең бастысы іс облыстық Полиция департаменті назарында, - деді Жазира Бегалы.Айта кетсек, желіде балаларын аяусыз соққыға жыққан ер азаматтың видеосы тарап, қоғам тарапынан қатты сынға ұшыраған еді. Аталмыш факт құқық қорғау органдарының назарына да ілікті. Қазығұрт аудандық полиция бөлімінде тіркелді. Сол күні соққыға жығылған балалардың анасы да жұбайының үстінен арыз жазды. Кейіннен балаларын аяусыз соққыға жыққан әке қамауға алынғаны белгілі болды.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Келесі жаңалық
Қысқы балық аулау. Ондаған азамат жауапкершілікке тартылды
Өзгелердің жаңалығы