Түркістандық панкратионшылар ел біріншілігінде үздіктер қатарынан көрінді
Ақтау қаласында панкратионнан Қазақстан Республикасының біріншілігі өз мәресіне жетті. 15-17 қыркүйек аралығында өткен ел чемпионаты түркістандық спортшылар үшін олжалы болды, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Облыс намысын қорғаған жауынгерлік өнер қауымдастығының спортшылары 6 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль көрсеткішімен командалық есепте 2-орынға тұрақтады.
Мәселен, 54 келі салмақта өнер көрсеткен Аяжан Ергентай мен 84 келіде сынға түскен Муслим Асадиллаұлы элит және традишн бөлімдері бойынша алтын тұғырға көтерілді. Дарын Төрегелді 42 келіде, Бекзат Бахтиёров 69 келі салмақта турнирдің күміс жүлдегерлері атанды. Ал, Жәдігер Исаков 76 келі салмақта қола жүлдені қанағат тұтты.
Бұған дейін облыс және ел біріншіліктерінде бірнеше дүркін чемпион атанған Муслим Асадиллаұлы 17-24 қазан аралығында Түркияда әмбебап жекпе-жектен өтетін Әлем чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.
Сондай-ақ «Әлемнің үздік жауынгері» атанған арыстық Аяжан Ерзатқызы панкратионнан Азия чемпионатына жолдама алды. Аяжан тамыз айында БАӘ-де өткен дүниежүзілік ММА аралас жекпе-жек турниріне қатысып, күміс жүлде иеленген болатын.