Түркістандық мұғалім асық атудан әлем чемпионы атанды
Халықаралық жарыстарда еліміздің мерейін үстем етіп, топ жарып жүрген спортшылар қатары күн санап артып келеді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Солардың қатарына жақында асық ату спортынан Румыния елінде өткен әлем кубогінің жеңімпазы Алмас Қарабаев та еніп отыр. Ол – Түркістан облысы Түлкібас ауданының тұрғыны.
Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұт халықаралық аренада еліміздің абыройын асқақтатып келген жеңімпазды шәкірттерімен бірге қабылдап, құрмет көрсетті. Аудан басшысы аталған жеңіс ауданның ғана емес, еліміздің жеңісі екенін тілге тиек етіп, Алмас Оңласынұлы мен шәкірттеріне алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік тіледі.
Аудандағы А.С.Пушкин атындағы мектеп-лицейінде денешынықтыру пәнінің мұғалімі қызметін қатар алып жүрген Алмас Қарабаев асық ату спортының ұлттық құрама командасының капитаны ретінде көптеген жарыста топ жарған. ҚР кубогы мен чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы әрі жүлдегері.
Бүгінде Алмас бапкер ретінде де өзін дәлелдеп жүр. Оның шәкірттері асық және бес асық ату спорт түрлерінен ҚР чемпионатының және ұлттық ойындарының чемпиондары атанып, сенімін ақтап келеді.