Түркістандық диқандар қырыққабат өнімін жинап жатыр

Түркістан облысы, Келес ауданының диқандары қыстың алғашқы айында ашық алқаптағы қырыққабат өнімін жинап жатыр, деп хабарлайды BAQ.KZ облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Атап айтқанда, Ошақты ауылындағы «Айкен» шаруа қожалығы 3 гектар аумаққа қырыққабаттың «Бухарест» сортын егіп, 120 тонна өнім жинап отыр. 

Қысқы өнімдер Тараз және Қарағанды қалаларына жөнелтілуде. Шаруа қожалықтың төрағасы Айкен Абайұлының айтуынша, Оңтүстік өңірдегі ауа райының жылылығы шаруалардың мол өнім алуына үлкен мүмкіндік болып тұр.

Осы егіннің арқасында балаларымызды еңбекке баулып, табыс тауып жатырмыз. Өнімге қажетті ағын су кедергісіз келеді. Бұған дейін биыл ерте көктемде қырыққабат егіп, оны көктемнің соңына қарай жинап өткіздік. Содан шілде айының 15-не дейін жерімізді дайындап, күзгі қырыққабат дақылын ектік. Ауа райының қолайлы болуының арқасында қыстың бастапқы күндерінде өнім алып отырмыз, - деді Айкен Абайұлы.
 

Айта кетейік, Келес ауданының ауыл шаруашылығы саласындағы 80-ге жуық техникасы жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылған. Нәтижесінде суармалы жер көлемі артып, Келес ауданы көкөніс өндіруде облыс деңгейінде үздіктер қатарынан көрінді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі
Өзгелердің жаңалығы