Түркістандық ақсақал музей қорына қолжазбалар мен көне кітаптар тапсырды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласының тұрғыны, зейнеткер Алиакбар Жалилов «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық музейінің қорына 23 діни сипаттағы көне қолжазба мен тарихи кітап, сондай-ақ Ясауи кесенесі бейнеленген жарты ғасырлық тарихы бар кілемшені сыйға тартты.

Алиакбар Жалиловтың айтуынша, ХІХ ғасырға тән құнды дүниелер ата-бабаларынан және өзі білім алып жүрген кезеңде ұстаздарының берген кітаптарынан жинақталған. 


Сондай-ақ ол тарихи деректері мол мұраларды қорық-музей қорына табыстап, көздің қарашығындай сақтап болашаққа аманаттауды жөн санағанын жеткізді, - делінген «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Алиакбар Жалилов табыстаған жазба ескерткіштері қатарында Әлішер Науаидің еңбектері, Софы Аллаярдың «Мәсләкул муттақин» (Тақуалар жолы), «Мухтасар ал-уиқая», Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбарымыздың хадистері туралы, «Далаил хайрият» (Жақсылық дәлелдері), Ислам шарттары, Араб тілінің синтаксисі, «Фикһ» сынды кітаптар мен қолжазбалар бар.


Музей директорының міндетін атқарушы Ерсін Ботабайұлы музей қорына тапсырылған баға жетпес құнды кітаптар үшін Алиакбар ақсақалға зор алғысын жеткізді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы