Түркістандағы темір жол тұйығы 10 жылдан кейін қайта іске қосыла ма?

Түркістан қаласындағы индустриалдық аймақта 2015 жылы жүк тасымалын жеңілдету мақсатында темір жол тұйығы салынған болатын. Алайда "қолданысқа берілді" деп жарияланған тұйық сол күйі іске қосылмады. Енді, араға 10 жыл салып, логистикалық жол қайта жанданбақшы, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.

Бұл туралы Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы баспасөз конференциясында мәлімдеді.

Индустриалдық аймақтағы темір жол тұйығы 2025 жылы іске қосылады. Оны күтіп-баптау үшін сенімгерлік басқаруға беру жоспарымызда бар. Дегенмен, жауапты мердігер компанияны әлі анықтаған жоқпыз, - деді Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы.

2013 жылы Түркістан қаласындағы индустриалдық аймаққа темір жол салу жоспарланған болатын. Ал 2015 жылы әкім есебінде 40 гектарды құрайтын индустриалдық аймаққа автожол, темір жол, электр қуаты, су және сарқынды су жүйелері тартылғаны айтылды. Сол жылдары "Алматы-Москва" теміржолы логистикалық мүмкіндігіне байланысты индустриалдық аймаққа қатынайтын болып шешілген. Алайда темір жол тұйығы салынғанымен, ол іске қосылмады. Жергілікті билік өкілдері, тұйықтың іске қосылмау себебін инфрақұрылымның жарамсыздығы мен кәсіпкерлердің жүк тасымалдауда осы тұйықты қажет етпеуімен байланыстырып келді.

Айта кетейік, аталмыш темір жол тұйығы 2021 жылы толық жөндеуден өткен болатын. Алайда, ол да іске қосылмай, тұралап қалды. Енді, арада 10 жыл өткен соң, Түркістан қаласының әкімі 2025 жылы бұл тұйықтың нақты іске қосылатынын хабарлады.

Лия Сауытова

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан қаласының әкімдігі
Өзгелердің жаңалығы