Түркістандағы тарихи маңызы бар жерлер министрлік бақылауында
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары Жандос Тасов пен ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаментінің директоры, Ғылыми-әдістемелік кеңес төрағасы Күміс Сеитованың төрағалығымен мәжіліс өтті.
Жиында «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық музейі аумағындағы абаттандыру жұмыстары бойынша мәселелер талқыланды.
Сәулет және қала құрылысы бөлімінің басшысы Айдос Кентугаев Түркістан қаласында туризмнің дамуына барлық қажетті мәдени-тарихи, географиялық және климаттық жағдайлар жеткілікті екенін айтып өтті.
Сондай-ақ, қаланың даму бағытына тоқталып, шежірелі шаһар Қазақстанның туризмін жаңа деңгейге көтеруге мол мүмкіндіктер беретіндігін айтты.
Айдос Кентугаев ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде іргетасы қаланған, Түркістанның солтүстік-батыс жағындағы 30 шақырым жерде орналасқан орта ғасырдағы Сауран қалашығы бойынша Түркістан қаласы әкімдігі тарапынан қалашыққа келуші туристерге жағдай жасау мақсатында абаттандыру, көгалдандыру, автотұрақ орналастыру, визит орталығы құрылысын жүргізу бойынша эскиздік жоба ұсынып, таныстырып өтті.
Мәжіліске ZOOM жүйесі арқылы «Энвикон–А» компаниясы өкілі Роман Шнайдерман және біршама архитекторлар өз ойларын білдірді. Жалпы, Күлтөбе, Отырар қалашықтарындағы қайта жаңғырту жұмыстары талқыға түскен жиында кеңес төрағасы Күміс Сеитова тарихи дүниелерді сақтай отыра, қайта жаңғыртудың маңызы зор екендігін айтып, нәтижесінде Күлтөбе қалашығының күмбезін жабу мен Сауран қалашығына ұсынылған жоба келісілді.