Тоқаев: Әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр
Қазақстан президенті Түркістанның рухани маңызын атап өтіп, жаһандық өзгерістер жағдайында түркі елдерін ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Түркістанда өтіп жатқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістанның түркі әлемі үшін айрықша рухани мәнге ие екенін айтып, жаһандық сын-қатерлер күшейген кезеңде ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты күшейтудің маңызын атап өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі.
Түркістан – түркі әлемінің тарихи әрі рухани орталығы. Бұл қаланың түркі халықтары үшін орны әрдайым ерекше болған. Қасиетті мекен – халықтарымыздың ортақ тарихы мен мәдени тамырының символы, – деді президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев түркі елдерін тек тарихи және мәдени құндылықтар ғана емес, достық пен өзара сенімді нығайтуға деген ортақ ұмтылыс та біріктіретінін айтты.
Президенттің сөзінше, қазіргі халықаралық тұрақсыздық жағдайында мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтудің маңызы арта түскен.
Бүгінде әлем бұрын-соңды болмаған өзгерістер кезеңін бастан өткеріп жатыр. Халықаралық қақтығыстар, қайшылықтар мен геосаяси шиеленіс барлық мемлекетке әсер етуде. Осындай жағдайда түркі мемлекеттерінің бірлігі мен ынтымақтастығын күшейтудің мәні ерекше, – деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің экономика, көлік, энергетика, цифрландыру және қауіпсіздік салаларында ортақ мүдделері бар екенін де атап өтті.
Президент қазіргі саммит түркі елдері арасындағы өзара ықпалдастыққа қосымша серпін беріп, ұйым ішіндегі әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал ететініне сенім білдірді.