Түркістандағы медицина факультеті ковидпен күресуге атсалысуда
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан облысында медициналық білімді жаңғыртуда көптеген іс-шара атқарылып жатыр. Өңірдегі жоғары оқу орындары денсаулық саласының болашақ мамандарын даярлап қана қоймай, қоғамдық денсаулық сақтау қызметін қалыптастыруға киелі қаладағы студент жастардың құлшынысын да арттыруға ден қоюда. Бүкіл әлем коронавирус індетімен күресіп жатқан кезеңде болашақ ақ халаттылардың қалай үлес қосып жатқандығына аз-кем шолу жасасақ.
Қазір елімізде ғана емес барша әлемде эпидемиологиялық ахуал өршіп тұрғаны жасырын емес. Мұндай кезде медициналық көмектің екі есе қажеттілігі арта түсері сөзсіз. Көне әрі қайта жаңарған қаладағы ірі оқу орны саналатын Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті медицина факультетінің ашылуы Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен орайлас келіп отыр. 1991 жылы болашақ ақ халаттыларды даярлайтын факультеттің бастапқыда оқу ғимараты Кентау қаласында орналасты. Небары екі кафедрасы бар факультетке сол жылдары 60 студент қана қабылданды. 2006 жылға дейін аталған факультет Кентау қаласында болды. Университеттің клиникасы салынып біткен соң медицина факультеті Түркістан қаласына ауыстырылды. Қазіргі таңда факультетте «Жалпы медицина» мамандығы бойынша 1737 студент білім алып жатыр.Медициналық мамандықтардың құрамына 3989 студент кіреді. Оның ішінде 2 857 бакалавр, 917 интерн, 185 резидентура, 12 магистрант және 18 докторант бар. Түркі әлемінің 19 елінен 250 студент келіп білім алуда. Оған қоса, Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ медициналық, стоматологиялық факультеттері, жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру институты мен клиниканы қамтиды және «full university» халықаралық санатына кіреді.
Медицина факультетінде 9 кафедра бар, құрамына 145 оқытушы кіреді, оның 12-сі ғылым докторы, 31-і ғылым кандидаты, 5 PhD докторы, 22 ғылым магистрі және 75 оқытушы. Стоматология факультетінің құрамына 4 кафедра кіреді, 70 оқытушы, 2 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, 2 - PhD докторы, 6 ғылым магистрі мен 48 оқытушы еңбек етеді.
Жоғары оқу орнынан кейінгі медициналық білім беру институтында 10 кафедра, 313 оқытушы еңбек етеді. Оның ішінде 15 ғылым докторы, 82 ғылым кандидаты, 5 PhD докторы, 31 ғылым магистрі және 180 оқытушы бар. ХҚТУ клиникалық диагностикалық орталығында 66 қызметкер жұмыс істейді, 2 профессор, 10 доцент, 2 PhD доктор, 5 магистр, 6 резидент, 41 дәрігер, олардың ішінде жоғары санатты - 18, бірінші санат - 10 адамды құрайды.
Факультетіміз шетелдік және өзіміздің жергілікті медицинаны оқытатын оқу орындарымен келісім-шартқа отырған. Айталық, Гази және Хажеттепе университеттері, Әзірбайжан медицина университеті, республикадағы Ұлттық Биотехнология орталығы, С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Астана медицина университеті, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясымен халықаралық ынтымақтастық меморандумы жасалған. Студенттерді жалпы медицина, қоғамдық денсаулық сақтау мамандықтары бойынша тереңдетіп оқытамыз. Өзге елдің тәжірибесімен алмасу үшін студенттерге де жағдай жасап отырмыз, - деді ХҚТУ медицина факультетінің деканы, профессор Ықылас Молдалиев.
Айта кетейік, коронавируспен күресте ХҚТУ-нің медицина факультеті де барынша үлес қосуда. Атап айтсақ, факультеттің 2 оқытушысы яғни медицина ғылымының кандидаттары, жоғары дәрежелі терапевт А.Мамутова мен жоғары дәрежелі инфекционист А.Сурамисова пандемия кезінде Кентау қаласындағы КВИ-1 жұқпалы аурулар бөлімінде 14 күндік карантиндік госпиталында жұмыс істеді. Қосалқы қызметкер ретінде бүгінде А.Мамутова Кентау қалалық ауруханасының провизорлық бөлімінде, ал А.Сурамисова жұқпалы аурулар бөлімінде жұмыс істейді әрі кезекшілікке тұрады.
Медицина ғылымының докторы Ықылас Сүйіндікұлының айтуынша, факультет бойынша қазіргі кезде 21 оқытушы-профессор құрамы Түркістан және Кентау қалаларындағы ауруханаларда және Университет клиникасында эпидемияға байланысты ашылған провизорлық бөлімдерінің стационарында дәрігерлік және кезекшілік қызметтерін атқарып жатыр.
Бұдан бөлек, 32 оқытушы-профессор №3 облыстық перинаталдық орталықта, «Талғат» клиникасында, Түркістан қалалық ауруханасында, Түркістан балалар ауруханасында, Кентау қалалық ауруханасында, Түркістан қалалық емханасында және Университет клиникасында бейінді мамандықтарына сәйкес эпидемия кезінде дәрігерлік қызметтерін атқарды.
Індет өршіген шақта дәрігерлік қызметін атқарып жүріп 5 оқытушымыз короновирус сырқатына шалдықты, 2 оқытушы емделіп шығып жұмыстарын жалғастыруда, 3 оқытушы емделуде. Сондай-ақ медицина факультетінің 15 студенті эпидемия барысында тұрғындарға көмек көрсету мақсатында волонтерлік қызметке тартылды, - деді Ықылас Молдалиев.
Өздеріңіз білесіздер, өткен 2020 жыл – Еріктілер жылым деп аталды. Факультет студенттері қайырымдылық жасау жұмыстарына белсене қатысып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек берді. Қаладағы «Қуаныш» орталық базарында «Коронавирустан бірге сақтанамыз» атты профилактикалық алдын-алу шараларын ұйымдастыруға белсене атсалысты.
Киелі өңірде коронавирус ауруымен күресудің барлық шаралары қолға алынуда. Облыста жалпы 23 мыңнан астам медицина қызметкері бар, оның бес мыңын дәрігер, қалғандарын орта буын мамандары құрайды. Болашақта ХҚТУ медицина факультетінің түлектері де осы қатарды толықтырып, қоғамдық денсаулық сақтау саласын жақсартып, алға сүйрейді деп сенеміз.