Түркістандағы Күлтөбе қалашығының күмбезін орнату жұмысы жалғасып жатыр
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Түркістан қаласының «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру» жобасы бойынша атқарылып жатқан жұмыстармен танысты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Жауапты басшылар мен мердігер компанияға жұмыс қарқынын жеделдетуді тапсырды. Сонымен бірге тарихи ескерткіштер мен қалажұрттарға зиян тигізбей абаттандыру қажеттігін ескертті.
Бұл – аса жауапты міндет. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, осы аумақ ЮНЕСКО қорғауындағы тарихи мұра екенін білесіздер. Құрылыс және абаттандыру жұмыстарының тарихи жәдігерлерге кері әсерін тигізбей жүргізілуі қатаң қадағалануы тиіс. Арнайы археолог немесе музей саласы бойынша бекітілген өкілдер тұрақты бақыласын. Абаттандыру сапалы жүргізілуі тиіс. Мердігер компания басшылығы жұмыстың басы-қасына жүріп, уақтылы әрі талапқа сай атқарылуына атсалыссын, – деді Дархан Сатыбалды.
«Түркістан қаласының «Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аумағын абаттандыру» жобасын жүзеге асыру 2021 жылы басталған. Кесене маңындағы Күлтөбе қалашығын қорғау, төбесін жабу жұмыстары да атқарылуда.
Жоба бойынша түзету жұмыстары жүргізіліп, сараптама қорытындысы алынған. 2022 жылғы республикалық бюджеттен бөлінген 4 млрд теңге толық игерілген. Осы арқылы күмбез шатырлары орналасатын жобада қаралған 27 тірек және 303 дана бетон қадаларының бетон жұмыстары толық аяқталды. Күмбездің шет мемлекеттен жеткізілетін металл конструкциялары (26 рейс) толық нысанға жеткізіліп, нығайтылған қадалар құрастырылуда.
Сондай-ақ орнатылатын трансформатордың (КТП) бетон жұмыстары жүргізілуде. 10 сәуірден бастап күмбездің метал конструкцияларын орналастыру жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Ал күмбез жабындары мамыр айында жеткізіледі деп күтілуде, - деп хабарлады Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі.