16 Шілде 2026, 13:45 Фото: ©BAQ.KZ архиві/ Арман Мухатов

Түркістандағы контрабанда: 200 млрд теңгені заңсыз шетелге шығармақ болғандар анықталды

Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 тұлға анықталып, олардың 5-еуі күзетпен ұсталуда. 

Түркістан облысында 200 млрд теңге көлеміндегі көлеңкелі қаржы айналымының және контрабандалық арналардың жолы кесілді.

Прокуратураның бастамасымен жүргізілген жедел іс-шаралар нәтижесінде Қырғыз Республикасынан контрабандалық жолмен темекі өнімдерін тасымалдап, оларды Түркістан облысы мен еліміздің батыс өңірлерінде өткізумен айналысқан тұлғалардың заңсыз әрекеттері тоқтатылды. 

Жедел іс-шаралар барысында жалпы құны 103 млн теңгені құрайтын темекі өнімдері тәркіленді.  

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 214-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. 

Сонымен қатар, шекара маңында жүк көліктерінің жүргізушілерінен ақша бопсалаумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді. 

Тергеу барысында заңсыз делдалдық қызметтен алынған қаражаттың бір бөлігі мемлекеттік орган лауазымды тұлғаларына пара ретінде берілгені анықталды. 

Қазіргі уақытта ҚР Қылмыстық кодексінің 366 және 367-баптары бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.  

Қылмыстық схемаға қатысы бар 23 тұлға анықталып, олардың 5-еуі күзетпен ұсталуда. 

Бұдан бөлек, прокуратураның үйлестіруімен жүргізілген жедел және арнайы іс-шаралар нәтижесінде жалған кәсіпкерлік субъектілері арқылы шамамен 200 млрд теңге көлеміндегі қаржы құралдарын алыс және жақын шетелдерге заңсыз шығару фактісі анықталды.  

Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 235-1-бабының 3-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. 

Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.