Түркістандағы ең биік үй құрылысы қашан аяқталатыны анықталды

Түркістандағы ең биік үй құрылысы биыл аяқталады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды Түркістандағы ең биік екі нысанның құрылыс барысымен танысты. 

Өңір басшысы алдымен паркингі бар 20 қабатты тұрғын үйде болды.

Аталған үйдің құрылысы 2021 жылы басталған. Жалпы құрылыстың ауданы – 7461,15 шаршы метр. Үйдің құрылысы тамыз айында аяқталады деп көзделген. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 80%-ға аяқталған. Сыртқы фасад –100%, ішкі әрлеу жұмыстары – 30%, инженерлік желілер – 100%, монолит жұмыстары толығымен аяқталған. Материалдар 100 пайыз жеткілікті.

Дархан Сатыбалды одан кейін әкімшілік ғимараты бар 20 қабатты тұрғын үйдің құрылыс барысын көрді. Жалпы құрылыстың ауданы – 14 127,75 шаршы метр. Бүгінгі таңда құрылыс-монтаж жұмыстары 70%-ға аяқталған, инженерлік желілерді тарту – 80%-ға аяқталған. Техникалық қабатта монолиттік және 19 қабатта қабырғаларды қалау жұмыстары жүргізілуде.

Өңір басшысы қос мердігерге де жұмысты ширатуды және жылдамдатуды тапсырды.

Қандай мәселелер бар? Әкімшілік тарапынан қандай көмек керек? Ұсыныстарды тыңдауға дайынбыз. Сіздер өз тараптарыңыздан жобаны сапалы әрі уақтылы аяқтаңыздар. Үйлердің сапасы қатаң қадағалауда тұр. Абыройға жұмыс істеңіздер, – деді облыс әкімі.

20 қабатты қос үйдің құрылысы биыл аяқталады деп жоспарланып отыр.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Фото: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Өзгелердің жаңалығы