Түркістандағы аудан атауы Сауран деп өзгерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Республикалық ономастикалық комиссияның бұл шешімі өте дұрыс деп ойлаймын. Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Мұрат Бақтиярұлы Facebook-тегі парақшасында жазды.

Біздің заманымызға дейінгі І ғасырда іргесі қаланып, XIX ғасырда қирап қалған Сауран қаласы орта ғасырларда қазақ хандығының экономикалық, сауда, мәдени орталығы болды. Сауран ауданын иемдену тарихымызға деген құрмет деп білемін, - деп жазды ол.

Оның айтуынша, Қызылорда облысының Жаңақорған ауданына Сығанақ атауын беру тарихи тұрғыда әділеттік болар еді.

Өзім туып өскен Қызылорда облысындағы Жаңақорған ауданының атауын кезінде Қазақ хандығының астанасы болған Сығанақ қаласының атымен ауыстыру, ұлы Оғыз хандығының орталығы болған парсы, араб, қытай, Еуропа елдерінің деректерінде көп кездесетін Жанкент есімін Қазалы ауданына беру тарихи тұрғыда әділеттік болар еді. Алда бірінші кезекте, Павлодар, Петропавл атауларын ауыстыру тұр. Президентіміз айтқандай, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан деген облыс атаулары болмау керек. Қазақ халқының ықылым заманынан бері қойып кеткен жер-су атауларын да қалпына келтіруіміз керек. Сонымен қатар қазақ ұлтына, мемлекетке кіршіксіз қызмет жасаған қазақтың арғы-бергі тарихындағы ұлы тұлғаларға да аудан, қала, облыс атауларын беру - біздің олардың рухының алдындағы перзенттік парызымыз болып қалмақ. Бұл саяси ерік пен жігерді қажет етеді, - деп атап өтті депутат.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы