Түркістанда жүкті екеніне сенбеген келіншек дәрігерлерден қашты

Шымкент қаласы және Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Жүкті екенін дәрігерлерден кездейсоқ білген келіншек ауруханадан қашып кетіпті. Оқиға Түркістан облысындағы Төлеби ауданының орталығы Ленгер қаласында болған.


Қазір Түркістан облысындағы аудан-ауылдарының ауруханаларында «Ашық есік» күндері өтіп жатыр. Акция аясында дәрігерлер көп балалы аналарды және балаларын тегін тексеруден өткізеді.

1 наурыз күні Ленгер қаласының 32 жастағы әйел тұрғыны анасын Ленгер қалалық емханасы дәрігерлерінің қабылдауына алып келіпті. Ол анасының бүйрегін тексертпек болған екен.

Ақ халаттылар анасының бүйрегін тексергенін кейін оған да тексеруден өтуді ұсынады.

Келіншекті тексеріп-қараған дәрігерлер оның жүкті екенін хабарлайды.

"Сөзімізді естіген келіншек өз құлағына сенбей, емханадан қаша жөнелді. Кейіннен туыстары келіп, оның талай жылдан бері аңсаған арманына қолы жеткенін айтты. Осылайша анасын қабылдауға әкелген келіншектің өзі де тексеруден өтіп, қуанышты хабар оның өмірін өзгертіп сала берді", - дейді Ленгер қалалық емханасының дәрігері Гүлмира Ибжанова.

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының берген дерегіне сенсек, Төлеби ауданының Ленгер қаласында жүзден астам көп балалы ана аудандық емханада толық медициналық тексеруден өтіпті. Олардың он шақтысы порталда кезекке қойылса, ендібіреулері күндізгі станционарға емдеуге жатқызылған.

Қаралушыларды тәжірибелі гинекологтар, психологтар, невропатологтар, педиатрлар, хирург және травматолог-ортопедтер қабылдаған. Басқарманың мәлімдеуінше, Түркістан облысының барлық аудандық емханасында дәрігерлер көп балалы аналарды кезексіз қабылдайды. Дәрі-дәрмек береді.

Еске салсақ, 20 ақпанда Түркістан облысының аудандық емханаларында көп балалы аналарға "Ашық есік" күндері басталды. Бұл шараны Денсаулық сақтау министрлігі, Түркістан облысының әкімдігі және денсаулық сақтау басқармасы бірлесіп бастады.

Дәрігерлер көп балалы аналарды ақысыз медициналық тексеруге келіп, медициналық сараптамадан өтуге шақырады.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға

Өзгелердің жаңалығы