Түркістанда жұмысқа тұрғызамын деген желеумен 6 тұрғынды алдаған күдікті ұсталды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгінгі таңда облыста қылмыстың өршіген түрі - алаяқтық қылмысы. Сондықтан да облыс полицейлері қылмыстың алдын алу мен болдырмау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізуде. Атап айтсақ, Түркістан қаласында болған кезекті алаяқтық қылмысы ашылды.

Түркістан қалалық ПБ-ға жергілікті тұрғын алаяқтың құрбаны болғанын айтып арызданған. Оның айтуынша, 2020 жылдың қазан айында өзіне таныс емес біреу емханаға мейірбике қызметіне тұрғызып беретінін айтып, әбден сендірген.Ол үшін тұрғыннан 600 000 теңге қаражат алған. Содан бүгінгі күнге дейін жұмысқа тұрғызбаған, ақшасын сұрағанымен, қайтармаған. Бұл жайт СДТТБТ-ға енгізіліп, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы («Алаяқтық») бойынша тіркелді.

Түркістан қалалық Полиция басқармасының полицейлері жедел-іздестіру жұмыстарын жүргізді. Жәбірленушіден жауап алып, куәгерлерден сұрастырды. Нәтижесінде күдікті деп танылған жергілікті ер адам анықталып, басқармаға жеткізілді. Белгілі болғандай, күдікті бұдан өзге тағы алаяқтықтың 5 жайтына қатысы бар болып шықты. Яғни 6 тұрғынды жұмысқа тұрғызамын деп алдап, 2 миллион теңгедей ақша алып, оны өз қажеттілігіне жұмсап жіберген. Қазіргі таңда тәртіп сақшылары оқиғаның толық мән-жайын тексеруде. Ұсталған жас жігіт қамауда. 

Өз кезегінде Түркістан облысы полицейлері азаматтарға сақ болуды, жақын таныс емес азаматтарға сенбеуді, яғни жұмысқа орналастырып беремін, несие, болмаса басқа да әлеуметтік және материалдық көмектер алуға көмектесемін деушілерге сенбеңіздер деп кеңес береді. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы