Түркістанда "Жайлы мектеп" жобасы аясында 2 мың орындық тағы бір мектеп ашылды
Түркістанда "Жайлы мектеп" жобасы аясында тағы бір мектеп ашылды. 2 мың оқушыға арналған білім ұясы "Жаңа қала" ықшамауданында бой көтерді, деп хабарлайды BAQ.KZ облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мұнда балалардың сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен салынған білім ұясының ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды мен білім саласының ардагерлері қатысты.
Еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Мемлекет басшысының бастамасымен бүгінгі таңда елімізде "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы қабылданып, заманауи, озық үлгідегі білім ошақтары салынуда. Бұл бастама апатты және үш ауысымдық мектептер мәселесін шешіп, оқушы орындарының тапшылығын жояды. Сіздердің мектептеріңіз жай ғана жаңа ғимарат емес. Бұл – даму мен оқу үшін тамаша жағдайлар жасалған орын. Жаңа білім ордасының ашылуы құтты болсын! – деді Дархан Сатыбалды.
Аталған білім ордасы қаладағы 2 мектептегі жүктемені азайтуға мүмкіндік береді. Түркістан қаласының «Жаңа қала» аумағында салынған 4 қабатты білім ордасындағы физика, химия, биология және робототехника кабинеттері заманауи құралдармен жабдықталған. Білім алушылардың жан-жақты дамуы үшін мектепте спорт залдары, шеберлік залдары, зертханалар мен демалыс аймақтары ұйымдастырылған. Жоғары жылдамдықтағы интернетке қосылған. Бастауыш пен жоғары сынып оқушылары жекелеген блоктарда оқиды. Балалардың жас ерекшелігіне орай блоктардың әрқайсысы оқу сыныптарымен, санитарлық тораптармен, спорт залдарымен және жеке шкафтармен қамтылған.
Айта кетейік, елімізде "Жайлы мектептердің" басым бөлігі Түркістан облысында салынуда. Қазір өңірде 29 мектептің құрылысы жүргізіліп жатыр. Оның үшеуі ашылып үлгерді.