Түркістанда жасөспірімдер кинологиялық орталыққа экскурсия жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Балалар жылында Түркістан қаласындағы Ж. Еділбаев атындағы №18 мектеп-гимназиясының оқушылары үшін кинологиялық орталыққа экскурсия ұйымдастырды, деп хабарлады Polisia.kz. 

Бүгінгі күні аталмыш орталықта алты полиция ит қызмет етеді. Олардың көмегімен қылмыстарды ашу, қылмыскерлерді ұстау, жарылғыш заттарды, оқ-дәрілер мен есірткі заттарын анықтау жұмыстары жүргізіледі. Экскурсия барысында полицей-кинологтар оқушыларға үйретілген қызметтік иттердің кәсіби дағдыларын, шеберлігін көрсетті. 

Сондай-ақ, көмекші иттер берілген командаларды орындап, “қылмыскерді” залалсыздандырды, “есірткінің” жасырын муляждарын іздеді. Мәселен, ит үйретушінің басшылығымен Гарди есімді қызметтік ит контейнерлердің бірінен есірткі муляжын тапты. 

Сонымен қатар, тәртіп сақшылары ұшқыштарды, жаттығуға арналған арнайы құралдарды және қызметтік иттерді тасымалдауға арналған автокөлікті көрсетті. Бұның барлығын оқушылар асқан қызығушылықпен қарады. Соңында балалар кинологиялық орталыққа танымдық экскурсия ұйымдастырғаны үшін полиция қызметкерлеріне алғыс айтып, естелікке суретке түсті.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы