Түркістанда жаңа су қоймасы салынды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанның іргесінде жаңадан салынған Кеңсай-Қосқорған-2 су қоймасына су келді. Осылайша, мол су қоры жоқ шаһардағы ағын су мәселесі шешіле бастады. Бұл туралы Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Қарасу өзенінің мөлдір, таза суын сақтауға арналған жаңа қойманың іске қосылуы су тасқыны құбылыстарының қаупін азайтуға да сеп болмақ.

Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен өткен жылы қолға алынған жаңа жоба жүзеге асты. Ауқымды құрылысты жеке бақылауында ұстаған облыс әкімі бүгін ел игілігі үшін қолға алынған тағы бір тындырымды істің аяқталғанына куә болды.

Болашақта Кентау мен Түркістанның арасы оазиске айналады. Жаңа су қоймаларының саны артады. Бұл өңірде балық дамытуға септігін тигізеді. Су қоймаларының жағалауында демалыс аймақтары ашылады. Осылайша, суды тиімді пайдаланып, оны сақтап, суармалы жерлерге жұмсауға болады, – деді шаһардағы су қоймаларының құрылысын бақылаған өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев.
«Түркістан облысында ағын су тапшылығын шешу мақсатында ірі су нысандарының құрылысы жүріп жатыр. Сыйымдылығы 18 млн м3 су қоймасына 1 млн м3 су жиналды. Алдағы уақытта 10 млн м3 дейін жеткізу жоспарлануда. Қазіргі таңда үлкен дамбы биіктігі 27 метрге дейін көтеріліп, жоғарғы бефі 40 % бетонмен қапталды. Кіші дамбы толықтай тұрғызылып, жоғары бьефі 60 % бетонмен қапталды. Су әкелетін каналдың 9,8 толықтай бетонмен қапталды. Су жеткізуші каналдың 14,5 шақырымы қазылды. Жоба толық іске асқан жағдайда Түркістан өңіріне қосымша жылына 34 млн м3 ағын су жеткізілетін болады.

Түркістан облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2024 жылға дейінгі кешенді жоспары» аясында ағын су тапшылығын шешу мақсатында «Түркістан магистралдық арнасы» күрделі жөндеуден өтуде. Сыйымдылығы 18 млн текше метр Кеңсай – Қосқорған-2 су қоймасы салынып, Жетікөл көлдер жүйесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ Түркістан магистралдық каналын толтыру үшін Сырдария өзенінен машиналық канал салынуда. Нәтижесінде, жылына ағын су пайдалану көлемі 195,4 млн текше метрге артып, жыл сайын қосымша 14,7 млрд теңгенің өнімін өндіру мүмкіндігі пайда болады. Өңір басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс аумағындағы барлық су арналары цифрлы жүйеге көшеді.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы