Түркістанда Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына орай 60-тан астам іс-шара өткізілмек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан облысында  Жамбыл Жабаевтың туған күніне  орай,  Түркістан қаласы, Бәйдібек, Жетісай, Ордабасы, Отырар, Сарыағаш, Түлкібас, Қазығұрт аудандарында орнатылған ескерткіштер мен бюстеріне гүл шоқтары қою іс-шарасы өткізілді.

Барлық карантиндік шектеулерді сақтай отырып шараға  ардагерлер, зиялы қауым өкілдері, жастар, мектеп оқушылары қатысты. Сондай-ақ, ақын туындыларынан үзінділер оқып, рухани азық алды. 

Бүгінгі таңда Түркістан облысында Жамбыл Жабаевтың 175 жылдық  мерейтойына арналған облыстық іс-шаралар жоспары түзіліп, Түркістан облысында 60-тан астам  іс-шара өткізу жоспарланып отыр.     


Мәдениет және өнер мекемелерінде  Жас ақындар айтысы, «Жамбыл оқулары» байқауы, «Жамбылға арнау»   мерекелік концерті, «Жамбыл – Ұлы Дала  ақыны» әдеби сазды кештер, театрландырылған қойылымдар, көркем және деректі фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылып, «Жамбыл Жабаев – Ұлы даланың алып жыршысы» облыстық семинар-форумы, «Өлең сөздің даңғылы, бар қазақтың – Жамбылы», «Жыр алыбы – Жамбыл», «Жүз жыл жырлаған жүрек «Тау мен дала жыршысы» тақырыптарында көрме экспозициялары, мәдени іс-шаралар, танымдық кештер, лекция сабақтары және дөңгелек үстелдер өткізілетін болады. 

Бұдан өзге, білім беру мекемелерінде Жамбыл Жабаевтың шығармашылығы туралы апталықтар, «Жыр алыбы – Жамбыл», «Тарихтың мәңгілік тұлғасы», «Жамбыл Жабаев жүз жасаған бәйтерек», «Жамбыл оқулары» сынып сағаттар өткізіліп, музей бұрыштар ашылмақ.                                                                           

Бүгінде облыста ұлы ақын есімімен 3 ауылдық округ, 4 елді мекен, 84 көше, 12 мектеп, 7 ескерткіш-бюст орнатылған.
 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы