Түркістанда Ясауи туралы ЖИ көмегімен әзірленген мультфильм таныстырылды
Көрсетілімнен кейін оқушылар ғұламаның өмірі мен іліміне қатысты сұрақтарға жауап беріп, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті.
«Әзірет Сұлтан» ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығында балаларға арналған «Ясауи атамыздың шын қазынасы» анимациялық фильмінің таныстырылымы өтті. Туынды Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасын насихаттап, оның хикметтеріндегі адамгершілік құндылықтарды жас ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.
Фильм авторы Сұлтан Байсейіт туындыны Ясауитану ғылыми орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, жасанды интеллект көмегімен әзірлеген.
Таныстырылым барысында музей-қорық директоры Ерлан Дәкенов Ясауи мұрасын балаларға заманауи әрі түсінікті форматта таныстырудың маңызын атап өтті.
Көрсетілімнен кейін оқушылар ғұламаның өмірі мен іліміне қатысты сұрақтарға жауап беріп, фильмнен алған әсерлерімен бөлісті. Балаларға естелік сыйлықтар табысталды. Туындыны талқылауға ғалымдар, музей қызметкерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері де қатысты.
Жоба Ясауи іліміндегі мейірімділік, адалдық, ізгілік пен білім құндылықтарын балалар арасында кеңінен насихаттауға бағытталған. Музей-қорық алдағы уақытта да осы бағыттағы танымдық жобаларды жалғастыруды жоспарлап отыр.