Бүгiн 2026, 13:49 Фото: pixabay.com

Түркістанда ветеринария саласында 928 млн теңге жымқыру дерегі анықталды

Бұл қаражатқа «Ветеринарлық қызмет» бойынша іс жүзінде ешқандай қызмет көрсетілмеген.

Түркістан облысының прокуратурасы «Ветеринарлық қызмет» ШЖҚ МКК қызметінде 928 млн теңге бюджет қаражатын жымқыру схемасын анықтады, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Қадағалау органының мәліметінше, 2022–2025 жылдар аралығында кәсіпорынның басшылары мен жауапты қызметкерлері тауарлар мен қызметтерді сатып алу кезінде төлем тапсырмаларына әдейі жалған мәліметтер енгізіп, бюджет қаражатын заңсыз аударып отырған.

Прокурорлардың анықтауынша, қаражат кәсіпкерлерге аударылған кезде өздерінің электрондық цифрлық қолтаңбалары пайдаланылған. Заңсыз әрекеттерді жасыру үшін төлем құжаттарында бірдей кәсіпкерлердің ЖСН-дары көрсетіліп, тек компания атаулары ғана өзгертіліп отырған.

Нақтысында, «Ветеринарлық қызметке» ешқандай қызмет көрсетілмеген, тауарлар жеткізілмеген.

Лауазымды тұлғалардың әрекеті салдарынан мемлекетке ірі көлемде залал келтірілген.

Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы 4-бөлігі («Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті аса ірі мөлшерде иеленіп алу немесе ысырап ету») бойынша іс Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне тіркелді. Тергеуді облыс прокуратурасының қылмыстық қудалау басқармасының арнайы прокурорлары жүргізіп жатыр, деп хабарлады Бас прокуратура.

26 наурызда төрт лауазымды тұлға – «Ветеринарлық қызметтің» екі бұрынғы басшысы, олардың орынбасары және бас бухгалтер күдікті деп танылып, қамауға алынды.

Қазіргі уақытта басқа да лауазымды тұлғалардың қатысы бар-жоғын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Прокуратурада атап өткендей, ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес іс бойынша өзге ақпарат жария етуге жатпайды.