Түркістанда үздік онкологтар облыс тұрғындарына медициналық қызмет көрсетті
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Түркістан облысының онкологиялық емханасында еліміздің үздік онкологтары аймақтың тұрғындарын тегін қабылдап, медициналық кеңес берді. Қазіргі таңда Қазақстанда өкпе обырына шалдыққандарды емдеп жазатын жаңа препараттар пайда болған.
Бұл туралы облысқа келген Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының мамандары айтты. Түркістан облысының онкологтарына ғылыми-академиялық және практикалық көмек көрсету мақсатында келген жұмысшы топтың құрамында ҚазҒЗИ молекулалық генетика орталығының басшысы Мадина Оразғалиева, ҚазҒЗИ торакалдық онкология орталығының меңгерушісі Мақсот Қарасаев, ҚазОРҒЗИ химиотерапиялық кеңесінің төрағасы Рамиль Абдрахманов бар.
Бір күндік іссапармен келген алматылық қонақтар түске дейін осында қаралуға келген онкологиялық ауруларды қабылдап, олардың ауру тарихын қарап шығып, науқасты емдеу бойынша нұсқаулар береді. Түстен кейін «Өкпе обыры. Үзілген үміттің шырағы» атты ғылыми-практикалық конференция өткізеді. Себебі, бұл мәселе қазір Қазақстанда ғана емес, барлық әлем бойынша өзекті болып тұр. Статистикаға жүгінсек, Қазақстанда өкпе обырынан қайтыс болғандар саны жағынан бірінші орында ерлер тұрса, сүт безі ісігінен 2 орында әйелдер ауруы мен өлімі тұрғаны белгілі болды.
«Біз бұл тақырыпты жайдан жай қозғап отырған жоқпыз. Себебі, онкология саласында заманауи медицина дамып келе жатқандықтан өкпе рагімен ауыратындардың жазылып кетуге деген мүмкіндігі пайда болды. Неге десеңіз, бүгінде Қазақстанда молекулярлық-генетикалық зерттеулер қолжетімді бола бастады. Онкологиялық мекемелерде жаңа зертханалар пайда болып, әрбір мутация мен маркерді анықтауға мүмкіндік туды. Онкологиялық аурумен ауыратындар үшін арнайы препарат жасап шығарылды. Пациенттер химиятерапияға қарағанда дәріні ішу арқылы ауруды жеңіл өткереді. Бұл пациенттің орталық жүйке жүйесіне де, басқа да органдарына өте тиімді болмақ», - деді ҚазОРҒЗИ химиотерапиялық кеңесінің төрағасы Рамиль Абдрахманов.
Айта кетейік, Түркістан облысында өкпе обыры бойынша 8000 мыңға жуық адам есепте тұрады. Жыл басынан бері 5000-нан астам адамға кеңес берілсе, 800 адам стационарлық ем алып шыққан. Алматыдан келген үздік мамандар ғылыми семинар барысында Түркістан облысының аудандағы онкологтарының басын қосып, қолжетімді заманауи диагностиканың тәсілдері туралы толығымен айтып береді.
«Біздің бүгінгі мақсатымыз – өзіміздің онколог әріптестерімізге заманауи емдеу тәсілдерін үйретумен қатар, көрсету. Мұндай іссапарды тек оңтүстік өңіріне ғана емес, барлық аймаққа тұрақты түрде жүргізіп келеміз. Мұның алдын Павлодар облысында болдық. Жоба бойынша Алматыда орналасқан біздің бас институтымыз әдістемелік жұмыспен еліміздің барлық онкологтарын қамтымақ», - деді Рамиль Абдрахманов.
Алматылық қонақтардың айтуынша, қазіргі таңда эндоскопиялық операция түрлері белсенді түрде енгізіліп жатыр. Бұл өз кезегінде пациенттердің операциядан пышақсыз емделіп шығуына, әрі аурухананың стационарлық төсегінде жататын мерзімін қысқартады. Сонымен қатар, аурулардың барлығына бұрынғыдай бірдей ем тағайындалмайды. Мысалы, өкпе обырымен келген ауруға оның мутациясына, сезімталдығына, басқа да параметрлеріне қарап, ем тағайындалатын болады.
Химиотерапевт Рамиль Абдрахманов сөз арасында еліміздің әрбір аймағында заманауи зертхана ашуды мақсат етпейдігін айта кетті. Себебі, бұл қаржылай шығыны көп, әрі ол құрал-жабдықтың тілін білетін мамандар қажеттігін тудыратынын алға тартты. Қазіргі таңда елімізде онкологиялық аурулармен күресудің кешенді бағдарламасы енгізіліп, сәтті түрде жүзеге асырылуда. Үкімет бекіткен бағдарламада диагностика, емдеу, материалдық жабдықтау мәселесі ғана емес, патронаждық және Денсаулық сақтау министрлігінің бақылауымен мамандандырылған зертханалар бірнеше аймақты қамтитын болады. Бүгінде оған қаржы бөлініп, логистикасы әзірлену үстінде екен. Бұл маманның айтуынша, өте тиімді жасалған қадам.
«Өкпе обыры елімізде айтарлықтай мәз емес жағдайда. Қазақстанда көбіне ерлер өлімінің саны бірінші орында тұрса, екінші орында әйелдердің сүт безі ісігі тұр. Ауруды алдын ала ерте анықтау, заманауи емдеу әдістерін қолдану осы айтылған ахуалды жақсы жағына өзгерте алады. Қазір пациенттердің химия терапиялық ем алып, аурухана төсегінде таңылып жатқаннан гөрі, арнайы препарат қабылдағаны тиімді. Біріншіден, ауруханаға келудің қажеті жоқ. Үйінде жүріп-ақ емін жалғастыра береді. Екіншіден, оның қарсы көрсетілімдері химиялық терапияға қарағанда әлдеқайда аз. Бұл препараттар таблетка түрінде босатылады. Биыл ҚазҒЗИ онкология және радиология институты онкологиялық ауруларды емдеу бойына 300 клиникалық хаттаманы қайта қарап шықты. Себебі, бұл препараттар сынамадан өткен, дәлелі бар, барлық жерде сәтті қолдануда», - деді Рамиль Зуфарұлы.
Айтуынша, шетелде өкпе обырымен ғана емес, басқа да аурумен ауыратын пациенттер үшін таблеткамен емделу кәдімгі стандартқа айналған. Қазақстанда да ұлттық стандарт бойынша емдеудің барлық әдісі біздің пациенттерге де қолжетімді болуы керек деп есептейді дәрігер.
Түркістан облысына үздік мамандардың келгенін естіп, қабылдауында болған Қазығұрт ауданының 79 жастағы тұрғыны, «Алтын алқа» иесі, бүгінде ардақты әже Әлима Сұлтанбаева онколог дәрігерлердің көмегіне дән риза екенін жеткізді.
«Былтыр күзден бері денсаулығым мазалап жүрген. Жолдамамен онкологқа бірінші рет келіп отырмыз, көп күттірмей көріп шықты. Мамандарға алғысым шексіз. ДНК тапсырдық, анализдерім бір аптадан кейін белгілі болады», - зейнеткер Әлима Сұлтанбаева.
Облыстық онкологиялық емхананың бас дәрігерінің орынбасары Қарлығаш Омарова бүгінгі өткен шарада мамыр айынан бастап емделушілер үшін күндізгі стационар ашылғанын айта кетті. Стационарлық төсектер жақын жерде тұратындар үшін арналған, яғни науқастардың үйіне қайтуға мүмкіншілігі бар.
«Бүгінгі шараның мақсаты – біздің оңтүстік өңірдегі өкпе қатерлі ісігінің алдын алу, оның кеңінен таралуына жол бермеу және жаңадан емдеп жатқан диагностикалық тәсілдерді дәрігерлермен бірге талқылап, күнделікті практикамызға енгізу. Институттан келген үш маман Түркістан облысындағы аудандық онкологтардың басын қосып, қазіргі таңда қолданылатын отаның жаңа түрлеріне, қатерлі ісікті дер кезінде анықтаудың диагностикасына, бүкіл әлемде қолданылып жатқан молекулярлық-генетикалық диагностикалау тәсіліне, науқастарға қалай талдау жүргізу керектігіне тоқталып өтеді», - деді Қарлығаш Омарова.
Айта кетейік, бұған дейін аталған облыстық онкологиялық емханада жатыр мойнының қатерлі ісігі, тері аурулары, сүт безі ісігі шаралары өткізілген. Ал әр айдың сенбісінде ашық есік күндері өткізіліп тұрады.