Түркістанда түркі мемлекеттерінің мүфтилері бас қосты

Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Түркістан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйымдастыруымен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. 

Конференция жұмысына Түркі мемлекеттері ұйымының Бас хатшысы Бағдат Әміреев, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров, Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Икрам Адырбекұлы, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, Түркия Республикасы Дін істері басқармасының басшысы, Бас мүфти Әли Ербаш, Кавказ мұсылмандары басқармасының төрағасы, Бас мүфти Аллашүкір Паша-Заде, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Замир Ракиев, Өзбекстан мұсылмандары басқармасының бірінші орынбасары Хамитжан Ишматбеков, ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің, Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, ғалымдар мен облыс бас имамдары қатысты. 

ҚР Президенті Қасым-Жомарт «Мүфтилер алқасы» мен «Ислам өркениетінің дамуына түркі халықтарының қосқан үлесі» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға құттықтау хатын жолдады. Мемлекет басшысының құттықтау хатын Ақпарат және қоғамдық даму министрі Асқар Омаров оқып берді.

Бауырлас Әзірбайжан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түркия елдерінің Бас мүфтилеріне және құрметті қонақтарға зор ризашылығымды білдіремін. Ата дініміз Ислам мейірімділік, имандылық, қанағатшылдық сияқты асыл қасиеттерді дәріптейді. Сондай-ақ бейбітшілікті, тұрақтылық пен береке-бірлікті нығайтуға шақырады. Осы орайда алқалы жиынға қатысып отырған дін қайраткерлері жаһан жұртын ізгілік жолына жұмылдыруға сүбелі үлес қосады деп сенемін. Бүгінгі басқосу түбі бір, тарихы ортақ елдеріміздің рухани-ағартушылық бағыттағы жұмыстарына тың серпін беріп, игі бастамаларымыздың баянды болуына ықпал ететіні сөзсіз. Баршаңызға зор денсаулық, конференция жұмысына толайым табыс тілеймін!- делінген Президенттің құттықтау хатында.

 

Келелі басқосуда сөз алған Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев маңызды жиынның Түркістанның ашылмаған тарихи құпиялары мен терең тарихын кеңінен тануға, Ислам өркениетінің жандануына мүмкіндік беретінін жеткізді. 


 

Түбі бір Түркі жұртының астанасы – Түркістан қаласының тарихы тереңде жатыр. Қазақ хандығының астанасы болған киелі шаһардың «Түркістан» деп аталуы да тікелей Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың тарихи тұлғасына қатысты екендігі белгілі. 2021 жылдың 31 наурызда өткен Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде бауырлас елдердің ортақ мақсаттары мен жоспарлары кеңінен талқыланды. Саммит аясында Түркістан декларациясы қабылданып, «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» ретінде ресми белгіленді. Бұл тарихи шешім – Түркістанның жаңа тынысын ашып, бауырлас елдер арасындағы рухани байланыстың нығаюына жол ашуда. Адамзат тарихының дұрыс бағытта өрбуінде Ислам дінінің алар орны ерекше. Бүгінгідей алмағайып кезеңдерде діни алауыздықтың орын алуына жол бермей, Ислам тарихының зерделенуіне еңбек етіп жүрген Сіздерге деген құрметіміз ерекше. Түркістан – қазақ жұртына ғана емес, күллі Түркі елдеріне ортақ қасиетті ұғым, рухани орталық. Демек, оның тарихы да, рухани дамуы да бауырлас елдерді ортақ мақсатқа жұмылдыратын бағдар болуы тиіс,– деді Өмірзақ Шөкеев. 

Айта кетсек, конференцияны өткізудегі мақсат – түркітілдес елдердің ортақ мұраларын дәріптеу, Ахмет Ясауи бабамыздың, сонымен қатар түркі дүниесіне ортақ Қорқыт ата, Ясауи, Мәуләна, Нәуәуи, Манас мұраларын насихаттау, Матуриди сенім мектебі мен Әбу Ханифа мәзһабын халыққа жеткізу. Сондай-ақ діни оқу-ағарту саласы бойынша бірлескен жобаларды жүзеге асыру, жаһандық сын-қатерге жауап беруде мұсылман үмбетінің өзара ынтымағын арттыру, діни мерекелерді бір күнде атап өту, ортақ пәтуалар қабылдау, деструктивті діни ағымдардың теріс үгіт-насихат жұмыстарына жол бермеу де көзделген. 

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы