Түркістанда Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің отырысы өтті
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістан қаласында ТМД елдері Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің 84-отырысы өтті. Биыл кеңестің құрылғанына 30 жыл толды, деп хабарлады ҰҚК баспасөз қызметі.
Іс-шараға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан шекаралық ведомстволарының делегациялары қатысты.
Отырысқа ТМД-ның өзара іс-қимыл жасайтын органдары – Атқарушы комитеттің, Терроризмге қарсы орталықтың, ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің аумағындағы ұйымдасқан қылмысқа және қылмыстың өзге де қауіпті түрлеріне қарсы күресті үйлестіру жөніндегі бюроның, ШЫҰ Өңірлік терроризмге қарсы құрылымы Атқарушы комитетінің және Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы Хатшылығының өкілдері шақырылған болатын.
Іс-шараның ашылуы кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы генерал-лейтенант Ермек Сағымбаев құттықтау сөз сөйледі.
Делегаттар ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің сыртқы шекараларын қорғауды ұйымдастырудың өзекті мәселелерін талқылады.
Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің шекаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру жөніндегі қызметіне және өткізілген бірлескен арнайы шекаралық операцияларға қорытынды жасалды. Алдағы жылға арналған ШӘҚК міндеттері және ақпарат алмасуды жетілдіру, ғылыми-зерттеу және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамыту тетіктері қаралды, – делінген хабарламада.
Сондай-ақ Ермек Сағымбаев шақырылған халықаралық ұйымдардың басшыларымен жеке форматта кездесу өткізді.
Отырыс қорытындысы бойынша шекара ведомстволарының басшылары 11 шешімге қол қойды.
Шекара әскерлері қолбасшылары кеңесінің кезекті отырысы Тәжікстан Республикасының аумағында 2022 жылдың екінші жартыжылдығына өтеді деп жоспарланды.