Түркістанда «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклі қойылады
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 21-22 мамырда Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Ермек Аманшаевтың либреттосы бойынша қойылған «Қорқыт туралы аңыз» пластикалық спектаклінің премьерасы болады.
Қоюшы-режиссері - белгілі Ресейлік хореограф, өнертанушы Константин Семенов. Композиторы - дарынды жас композитор Хамит Шанғалиев. Көркемдік жетекшісі - Айнұр Көпбасарова.
Қорқыт ата - түркі халықтарының ортақ рухани абызы, ойшыл, жырау, қобызшы. Қорқыт ата өмірде ізі, артында әдеби-музыкалық мұрасы қалған тарихи тұлға. Қазақ философиясы тарихында Қорқыт ата - ел бірлігін нығайтқан кемеңгер қайраткер, түркі дүниетанымының негізін жасаған ғұлама ойшыл, әлемдік ақыл-ой мәдениетінде өзіндік орны бар философ-гуманист ретінде белгілі. Әрі күйшілік, жыршылық өнерлерінің рухани атасы. Қорқыт Ата мұрасы ЮНЕСКО-ның адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының тізіміне енгізілген.
«Қорқыт туралы аңыз" пластикалық спектаклінде жер дүниені алай-дүлей дауылдатып, жауындатып, жай ойнатып, адамдарды үрейге орап дүние келген Қорқыт алып қарағаштан ойып қобыз жасайды. Әлемді қобыз үнімен әлдилеген бабамыз, көрген түсінен шошып, өлімнен қашады. Жерұйық мекенді іздейді. «Қайда барса да, Қорқыттың көріне» кезігіп, ақыры туған жеріне - дүниенің кіндігі саналатын Сырдарияға оралады. Ұлы өнерін өлімге, жалпы, тіршілік дағдарыстарына қарсы қойып, ізгілік пен жасампаздық нұрын шашқан Қорқыт пен жер бетін үйлесімсіздік пен араздықтың алаңына айналдыруға тырысқан пері қызы - Мартудың арасындағы мәңгілік айқас заманауи хореография тілімен әсерлі бейнеленеді. Рухани тамырларымыздың алтын өзектері қандай? Замана ағымындағы шынайы өнер миссиясының сыры неде болмақ? Спектакль осындай мағыналы сұрақтарға жауап іздеп, көрерменге ой салады.
Шынайы декорация, шебердің қолынан шыққан сахналық киімдер, реквизиттер арнайы дайындалуымен ерекшеленеді. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев, пластикалық қойылым бойы, Қорқыт бабамыздың қыл қобыздан төгілген күй ирімдерін сәтті пайдалана білген.
Алдағы уақытта да пластикалық спектакльдер көрермен назарына ұсынылатын болады. Өйткені, Түркістан музыкалық драма театрындағы балет труппасының шеберлігі мен мүмкіндігі үлкен дүниелерді қоюға қабілетті, - дейді Театр директоры әрі көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
Шынайы декорация, шебердің қолынан шыққан сахналық киімдер, реквизиттер арнайы дайындалуымен ерекшеленеді. Белгілі композитор Хамит Шаңғалиев, пластикалық қойылым бойы, Қорқыт бабамыздың қыл қобыздан төгілген күй ирімдерін сәтті пайдалана білген.
Түркістан музыкалық драма театрындағы балет әртістері жан- жақтан жиналған. Жапониядан, Қырғызстаннан, республиканың түкпір-түкпірінен келген талантты жастар. "Қорқыт туралы аңыз" пластикалық спектаклі олардың толық қанды еңбегі. Мықты қоюшы хореографтың жетекшілігімен сахнаға керемет туынды дайындады. Оны кез-келген өнерді құрмет тұтатын көрерменге"көріңіз" деп кеңес берер едім, - дейді театрдың Әдеби бөлімінің меңгерушісі Шынар Омарова.
«Қорқыт туралы аңыз" пластикалық спектаклінде ролдерде кәсіби балет әртістері ойнайды: Еламан Әбдіқалық, Еркінбек Әубәкіров, Ақылай Сыдығалиева, Алина Ормонбек, Рустам Шайхов, Гүлжанат Қаламғазина, Бақытнұр Дүйсенбаева, Мао Сакаи, Фархад Сәдуақасов, Джозеф Рахимбаев, Дастан Сәттар, Ақтан Асылбашев, Ильяс Джарлыкасымов, Елдос Оспанов, Амина Әбдіқалық, Алуа Төрегелді, Камила Алимжанова, Аяжан Медетхан, Мадина Садубаева.
Айта кетейік, спектаклді қоюға көптеген тәжірибелі мамандар атсалысты.