Түркістанда ҚМДБ-ның Ислам институты ашылады
Түркістан облысы әкімдігінде «Қылует» рухани-мәдени орталығынан ҚМДБ имамдардың білімін жетілдіретін Ислам институтын ашу бастамасы талқыланды,деп хабарлайды BAQ.KZ.
Аймақ басшысы Дархан Сатыбалды ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Өтпеновпен кездесіп, руханият саласындағы мәселелер қозғалды.
Түркістан – киелі жер, рухани орталық. Түркістанға жылына кемінде 3-4 рет келмесек, сағынып қалатынымыз бар. Осында қолға алынған бастамалар Қазақ еліне тарайды. Жаңа жылды қасиетті Түркістандағы игі істермен бастап отырғанымызға қуаныштымыз. Бүгін шаһарда жаңа мешіт бой көтерді. Сонымен бірге облыста салынып жатқан медресенің іргетасын қалау рәсіміне және бір медресенің ашылуына қатысып қайттық. Қазіргі таңда демеушілер есебінен «Қылует» рухани орталығы салынуда. Оған тікелей қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін Сізге, барша демеуші азаматтарға Муфтияттың және өзімнің атымнан алғысымды білдіремін. Осы институт имамдарымыздың білімін жетілдіретін орталыққа айналады деп сенеміз. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы 2024 жылды «Ислам және дәстүр құндылығы» жылы деп жариялады. Биыл 600-ден астам іс-шара өтеді. Сол іс-шараларды Түркістаннан бастап, «Ислам және дәстүр құндылығы» республикалық ғылыми-танымдық конференциясын өткіземіз, – деді Наурызбай-қажы Өтпенов.
Облыс әкімі шаһарда Ислам институтын ашу туралы бастамаға қолдау көрсеткеніне алғыс айтты.
Имамдар жастармен, халықпен тығыз жұмыс істеп, рухани, діни тәлім береді. Сондықтан олардың білімін жетілдіру – уақыт талабы. Түркістанда мықты теологтар мен профессорлардан дәріс алу арқылы имамдарымыздың білімі жетіле түсіп, елге сапалы қызмет етеді деп сенемін. Жастар тәрбиесі, руханият саласындағы игі бастамаларға қолдау көрсетуге дайынбыз. Қожа Ахмет Ясауи мұрасын дәріптеу бағытында халықаралық деңгейде конференция өткізуді де қарастырайық. Қазақтың руханиятын, Түркістанның тарихын дәріптеуде бәріміз бірлесе жұмыс істеуіміз керек, – деді Дархан Сатыбалды.
«Қылует» рухани-мәдени орталығында Көрме орталығы, 500 адамға арналған құлшылық орны, ҚМДБ имамдарының білімін жетілдіретін Ислам институты салынуда. 100 орынға арналған дәрісхана, 60 орынға арналған кітапхана, 120 орынға арналған жатақхана, 60 орынға арналған асхана салу көзделген. Бұл ірі жобалар демеушілік есебінен жүзеге асады. Орталық биыл ашылады деп жоспарлануда.