Түркістанда полиция 4 млн теңге қарызы бар жүргізушіні анықтады
Түркістанда полициядан жасырынбақ болған борышкер жүргізуші анықталды, деп хабарлайды BAQ.KZ Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету барысында Түркістан қаласының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері О.Жарылқапов көшесінде BMW 750 автокөлікті тоқтатты.
"Қорғау" бағдарламасының көмегімен полицейлер жүргізушінің 4 миллион теңгеге төленбеген қарызы бар екенін анықтады. Алайда автокөлік жүргізушісі тәртіп сақшыларының тоқтату туралы заңды талабына бағынбады, жылдамдықты арттырып, полициядан жасырынуға тырысты. Жедел қабылданған шаралардың нәтижесінде полиция қызметкерлері көлікті тоқтатып, айыппұл тұрағына орналастырды, ал жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полицейлер атап өткендей, "Қорғау – қауіпті жүргізуші" бағдарламасы мен бейнебақылау камераларын пайдаланудың арқасында полицейлердің планшеттеріне нақты уақыт режимінде ықтимал қауіпті жүргізушілер туралы ақпарат келіп түседі, бұл оларға дер кезінде шара қабылдауға және айыппұл бойынша борышкерлерді анықтауға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, бұл жол ережелерін бұзуды азайтуға, қауіпті борышкер жүргізушілерге уақытылы шара көруге және жол ережелерін бұзудың алдын алуға ықпал етеді. Тәртіп сақшылары азаматтарды жол ережелерін сақтауға шақырады.