Түркістанда «Отбасыңмен он тал ек» акциясы басталды
Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін Түркістан қаласында он күнге жалғасатын «Отбасыңмен он тал ек» отбасылық эко-акциясы бастау алды. Акцияға қалалық мәслихат депутаттары, үкіметтік емес ұйым мүшелері, зиялылар, ардагерлер және қала тұрғындары қатысты.
Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.Қала әкімі Нұрбол Тұрашбеков жасыл желекке отбасымен үлес қосуда белсенділік танытқан тұрғындарға шынайы ризашылығын білдірді.
Бүгінгі іс-шара арқылы біз жасыл желек аумағын арттыруды ғана көздеген жоқпыз. Отбасылар арасында ортақ мүддеге жұмылуды, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуды да мақсат тұттық. Түркістан — рухани астана! Қаламыздың тазалығы Сіздер мен бізге сын. Қоршаған ортаны ластамау - азаматтық ұстанымымызға, жасыл қалаға айналдыру негізгі міндетімізге айналуы тиіс, - деді ол.
Қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарылқасын Құлбайымбетов игі іске жиналған қауымға батасын берсе, ерікті жастар атынан сөз алған Абдрашит Жасұлан қаланы көркейту мен көгалдандыру бағытындағы мәнді шара үшін ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Акция аясында қалалықтар «Самал», «Отырар», 1, 2-шағын аудандарында және Түркістан-Қызылорда тас жолы бойына 20 мыңнан астам ағаш көшетін отырғызды. Қоғамдық іс-шараға белсенді қатысқан отбасылар мен тал егуге атсалысқан бүлдіршіндерге сый-сияпаттар үлестірілді. Сонымен қатар балаларға арнайы келген ертегі кейіпкерлері мерекелік көңіл-күй сыйлады.
Жалпы бүгінге дейін Түркістан қаласында абаттандыру мекемелері арқылы және кәсіпкерлердің демеушілігімен егілген ағаш көшеттері 90 мыңнан асты.
Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Алдыңғы жаңалық
YouTube дизлайкты алып тастауы мүмкін
Өзгелердің жаңалығы