Кеше 2026, 21:06 Фото: Түркістан облысының Денсаулық сақтау басқармасы

Түркістанда науқастың қуығынан 80-ге жуық тас алынды

Науқасқа тері арқылы “цистолитотрипсия” отасы жасалды.

Түркістанда 61 жастағы ер адамға ота жасалып, қуығынан 80-ге жуық тас алынды, деп хабарлайды BAQ.KZ тілшісі. 

Денсаулық сақтау басқармасы мәлім еткендей, 1965 жылы туған науқас бірнеше уақыт бойы кіші дәретке бару кезінде қиналып, ауырсыну, жайсыздық сезімдеріне шағымданған. Амбулаториялық деңгейде бірнеше медициналық мекемеде ем қабылдағанымен, айқын оң нәтиже болмаған.

Түркістан қалалық орталық ауруханасында жүргізілген кешенді диагностикалық зерттеулер нәтижесінде қуық қуысында көп мөлшердегі тастар анықталды. Дәрігерлер шешімімен науқасқа тері арқылы “цистолитотрипсия” отасы жасалды. Бұл ота шағын инвазивті, яғни тері тілігі аз (1 см), оңалту кезеңі мен стационарлық емнің қысқалығымен ерекшеленеді. Ота барысында қуықтан 80 тас алынды. Хирургиялық ота сәтті өтті. Операциядан кейінгі кезең асқынусыз өтті. Науқасқа 3 тәулікте урологиялық катетер алынып, 5 тәуліктен кейін жағдайының жақсаруына байланысты оң нәтижемен үйіне шығарылды, - деп хабарлады Түркістан облысының ДСБ баспасөз қызметі. 

Еске салайық, бұған дейін Павлодарда көзіне қайшы тығып алған 3 жасар қызға ота жасалды