Түркістанда «Қылует» рухани орталығы бой көтеріп жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Түркістанда «Қылует» рухани орталығы ашылады. 

Бұл туралы ҚМДБ баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы facebook-парақшасында жазды. 
Біз тұрған жерде бұрын қабырғасы сонау ХІІ ғасырда қаланған Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың қылуеті болған еді. Енді, міне, Алланың қалауымен осы орында «Қылует» рухани орталығы қайтадан бой көтергелі тұр. Бұл орталық тарихи мұрамызды жаңғыртып, Түркістанның жаңа келбетіне көрік қосады деген үмітіміз зор. Алла Тағала жаңа мешітімізді киелі Түркістан шаһарының рухани ордасына айналдырғай! - деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Түркістан қаласында «Қылует» рухани орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев, зиялы қауым және дін өкілдері, кәсіпкерлер қатысты.
Бұл орталық кәсіпкерлер ғана емес, жалпы халықтың қаржылай қолдауымен салынады. Сол үшін арнайы есепшот жарияланды. Оған кез келген адам үлес қоса алады. Әрине, орталықты бір кәсіпкердің көмегімен де тұрғызуға болар еді. Алайда жамағат болып бірігіп салуды жөн көрдік. Түркістандағы мешітте менің де кішкентай үлесім бар деген сезім азаматтарға жігер береді. Игі бастамаға қолдау білдіріп жатқан азаматтарға алғысымыз мол, – деді Өмірзақ Естайұлы.

Айта кетейік, рухани орталықтың көлемі – 2300 шаршы метр. Жерасты мешітінің қасынан бой көтеретін медресенің аумағы – 1282,8 шаршы метр. Орталықта медресе, қарилар дайындайтын мекеме, қызметтік үй болмақ. Құрылыс жұмыстары биыл қазан айында басталды. Алла қаласа, «Қылует» рухани орталығы алдағы 2022 жылы толықтай ел игілігіне берілмек.

Бөлісу:
Қысқа да нұсқа. Жазылыңыз telegram - ға
Өзгелердің жаңалығы