Түркістанда көкпардан аймақтық жарыс өтті
Түркістан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында 24-27 ақпан аралығында көкпардан жастар арасында Түркістан облыстық чемпионатына орай аймақтық іріктеу жарысы болып өтті.
Аймақтық іріктеу жарысына облыстың 15 ауданы 4 аймаққа бөлініп, өзара айналмалы жүйеде ойын көрсетіп, бірінші орын алған командалар шешуші кездесуге жолдама алды.
Атап айтқанда, бірінші аймақта Төлеби, Қазығұрт, Сарығаш аудандары ойнап, 1-орынды Қазығұрт ауданы жеңіп алды. Екінші аймақта Түркістан қаласы, Кентау қаласы, Отырар ауданы, Арыс ауданы өзара ойнап шықты. Нәтижесінде 1-орынды Отырар ауданы жеңіп алды. Үшінші аймақ бойынша Түлкібас ауданы, Сайрам ауданы, Ордабасы ауданы, Бәйдібек ауданы ойнап, ішінен Түлкібас ауданы 1-орынды жеңіп алды. Ал төртінші аймақта Келес ауданы, Мақтарал ауданы, Жетісай ауданы, Шардара ауданы ойнады. Бұл іріктеуден үздік шыққан Жетісай ауданы болды. Осы 4 аймақтан 1 орын алған командалар яғни Қазығұрт ауданы, Отырар ауданы, Түлкібас ауданы және Жетісай ауданы 17 наурыз күні Төлеби ауданында өтетін соңғы кездесу ойындарын ойнап, 3-4 және 1-2-ші орындарды сарапқа салады.
Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен Түркістан облыстық «Көкпар Федерациясының» Президенті Ғани Ахметбаевтың айтуынша, көкпар қазақтың қанында бар ұлттық ойынның түрі. Осы ойын арқылы жігіттердің ат үстінде мығым отыруын, ептілік пен қайсарлығын, білектілігін, ел мен жерді де ат үстінде жүріп қорғауға дайын екендігін көруге болады деп есептейді ол.
Көкпарды жүрек жұтқан әрбір қазақ баласы ойнай алады. Сол ата-бабамыздан мұраға қалған ұлан-байтақ жерімізді қорғай алатын ұрпақ әлі де жалғасып келеді. Тәуелсіздігіміздің биыл 30 жылдығы құрметіне арнап көкпар ойындарын ұйымдастырып жатырмыз. Қазақты жылқысыз, оның ішінде көкпарсыз елестету мүмкін емес. Қазіргі таңда көкпардан ересектер арасында Қазақстан Республикасы чемпионатының алдындағы арнайы оқу-жаттығу жиыны өтуде, - деді Ғани Молдабекұлы.
Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында да көкпардан аймақтық іріктеу жарысы дәл осылай 4 аймаққа бөлінді. 25 ақпан күні бірінші аймақ бойынша ойын өткізілді. Бұл іріктеу жарысында Кентау қаласының көкпар құрама командасы 1 орын алып шешуші кездесуге жолдама алды.
Бүгін 27 ақпан көкпар жарысы екінші аймақ арасында өтіп жатыр. Ал 29 ақпанда үшінші аймақ арасында, 4 наурызда төртінші аймақ өзара сайысқа түседі. Бұл іріктеу жарыстарының жеңімпаздарды анықтайтын соңғы кездесуі 25 наурызда Төлеби ауданында өтеді, - деді Түркістан облыстық ұлттық спорт түрлерінен мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің аға әдіскері Айнұр Малыбекова.
Айта кетейік, көкпардан ересектер арасындағы ел чемпионаты 29 наурыз бен 4 сәуір аралығында Тараз қаласында өтетін болады.